«ҚАЗАҚТЫҢ 100 ӘНІ» ЖОБАСЫН ЮНЕСКО МОЙЫНДАДЫ
Білім, ғылым, мәдениет мәселелері жөніндегі біріккен ұлттар ұйымы ұйымдастырған «Almaty - Youth Space» жастар фестивалінде «Музыка бейбітшілік пен даму үшін» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Алматы қаласында өткен шарада Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қазақтың 100 әні» жобасы «Музыка – біздің мұрамыз» номинациясында үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді, - деп хабарлайды аталған білім ордасының баспасөз қызметі.
Жоба туралы айтатын болсақ, бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қазақ күйлері мен ұлттық әндерімен сусындап, тәрбиеленуде. Әр апта сайын дүйсенбілік сап түзеу жиынында «Шаңырақ қауымдастығы» қазақ әндерін орындап, еліміздің мәдени мұрасының сақталуына ықпал етуде.
«Мектебіміз «Қазақтың 100 әні» жобасын жүзеге асыруға бағытталған арнайы жұмыс жоспарын әзірледі. Жоспар аясында қазақ әндерінің арнайы тізімі жасақталды. Сол тізім бойынша «Шаңырақ» қауымдастығы жыл көлемінде орындауға ұсынылған әндер тізімінен үш әннен орындайды, яғни, бірінші әнді аптаның әрбір дүйсенбі күні өтілетін таңғы жиында орындаса, екінші ән мерекелік іс-шаралар барысында шырқалады. Ал үшінші әнді оқу жылының соңында «Қазақтың 100 әні» жобасының қорытынды гала концертінде орындайтын болады», - дейді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Жүсіпбек.
Айта кетейік, «Қазақтың 100 ән» жобасының әндер тізіміне “Туған өлке”, “Қазақ осы”, “Көзінің мөлдірін-ай”, “Сәлем саған туған ел”, “Жерім менің” секілді соңғы бірнеше онжылдықтағы қазақтың ән мұрасын насихаттайтын әндер енген. Әрбір композицияның сипатамасы тындаушылардың бойында ұлттық салт-дәстүрге құрмет, отансүйгіштік, достық, бірлік, адалдық, ізеттілік құндылықтарын тәрбиелеп қазақ халқының болмысын, батырлық өресін дәріптейді.
«Ән орындау барысында оқушылар әннің шығу тарихын зерттейді, театрландырылған көрініс арқылы көпшілік бойына рухани сезім ұялатады. ЮНЕСКО байқауына қатысып, біз өзгелерге тәжірибе бөлісе отырып, музыканың қоғамдағы тұрақты және бейбіт түрде дамуына қосатын үлесі туралы жеткізе білдік», - деді ән-әуез пәнінің мұғалімі Жарасбек Өтебаев.
«Қазақтың 100 ән» жобасы жыл соңына дейін жалғасады. Алдағы жылы сәуір айында «Шаңырақ» қауымдастықтары арасында “Қазағымды тербеткен 100 ән” байқауын ұйымдастыру жоспарлануда. Жеңімпаздар номинация бойынша анықталады.
Сөз соңында «Қазақтың 100 әні» жобасының жетекшісі Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушысы, әрі кураторы Әйгерім Маханова екенін айта кетейік.