ХАЛҚЫНА РУХ СЫЙЛАҒАН САЗГЕР
Сыр бойына сапар шеккен адамның құлағына қобыз үні, күмбірлеген домбыра даусы келеді. Көз алдына жампоз жыраулар елестейді. Өйткені, «Сыр елі – жердің кені» деген қанатты сөз қалыптасқан.
Сыр сүлейлерінің лайықты ізбасарларының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, күйші-композитор, жыршы-ақын Мұрат Сыдықов. Өнерімен еліне танылған талантты композитордың «Жырлайды Арал перзенті», «Жыр мәйегі – мақам» кітаптары, «Теңізбен терең тілдескен, Сұлу Сырмен үндескен» атты күйлері мен әндерінің жинағы өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен жарық көрген болатын.
Ұзаған жылдың мәресінде күйші-композитор, ақын-жырау, Арал ауданының Құрметті азаматы Мұрат Сыдықовтың «Жырлайды Арал перзенті» атты шығармашылық кеші Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен еді. Осы шараның алдында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған «Жыр мәйегі – мақам» кітаптарының және әндері мен күйлері үнтаспасының тұсаукесер рәсіміне біз де куә болған едік. Елбасы айтқандай, рухани жаңғыру дегеніміз ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи үлгіде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, дәстүрлерді дәріптеу десек, күйші М.Сыдықовтың жарыққа шығарған еңбектері руханиятымызға қосылған сүбелі дүние дер едік.
Иә, Сыр дүлділдерінің асыл қазыналарымен сусындап өскен Мұрат Сыдықов шығармаларының өресі биік. Күйші-сазгердің өнер әлемі туған жерінің тарихымен тамырлас. Оның «Жырлайды Арал перзенті» атты кітабы автордың шығармашылық жолының энциклопедиялық жинағы күйінде топтастырылған айрықша еңбек.
Бұл жинақта өнерге келу және өсу жолдары мен бүгінгі елге танымал тұлғаның әр кезеңдерде жеткен жетістіктері, өлең-жырлары, терме-толғаулары, әндері мен күйлері, сондай-ақ, оркестрлерге түсірілген күйлерінің партитуралары, сценарийлері және баспасөзде жарияланған мақалалары енген.
Жалпы, автордың қай бөлімдегі туындылары мен шығармашылық еңбектерін қарасаңыз, сізге ой салып қана қоймайды, тағдырлы таланттың бай да қуатты дарынын көрсетеді. Айрықша жинақ еліміздің мәдениет, өнер саласында жүрген талантты әнші, күйші-жыршыларымызға және шәкірттерге құнды қазына іспетті дүние. Бүгінгі сан қырлы шығармаларынан құралған кітап замандастары мен келешек ұрпақ үшін ұлағаты мол мұра болып қалары анық.
Кітапта қазақ өнерінің майталмандары Роза Бағланова, Ғазиза Жұбанова, Асқар Тоқпанов, Шара Жиенқұлова, Мыңжасар Маңғытаев, Еркеғали Рахмадиев және басқаларының дәулескер күйші, сазгер туралы айтқан пайымды пікірлерін оқи аласыз. Ақиық ақын Фариза Оңғарсынова «Мұраттың «Теңізбен мұңдасу» атты үлкен шығармасы – Арал тағдырының гимні. Өтер әсерлі, мәнді туынды» десе, композитор Кеңес Дүйсекеев «Батыр баба Жанқожа» күйін әлем сахналарында орындауға болатын ұлы шығарма деп бағалаған.
Сонымен бірге, жинақта өнермен өрнектелген өмір жайлы әріптестерінің тілек, пікірлері келтірілген. Еліміздегі алғашқы отбасылық ансамбльдердің бірі саналатын Сыдықовтардың халықтық ансамблі елімізбен бірге шетелдерде де өнер көрсетті. Композитордың жары Базар Қостаева – өмірдегі де, өнердегі де сенімді серігі, ансамбльдің анасы. Кітапта композитордың өнерге келу және қалыптасу жолындағы ұстаздары мен әріптестерінің, шәкірттерінің пікірлері пайымдалған.
Энциклопедиялық кітапта автордың күйлерімен бірге оның шығу тарихы да зерделенген. Сонымен бірге, Мұрат Сыдықов туралы мерзімде баспасөзде жарияланған мақалаларға кеңінен орын берілген. Талантты жыршы-ақынның түрлі тақырыптағы сценарийлерде оның мол қабілетінен хабар береді.
Мұрат Сыдықовтың екінші туындысы «Жыр мәйегі – мақам» кітабы ұзақ жылғы табанды еңбектің жемісі десе болады. Автор оны жарғақ құлағы жастыққа тимей жарты ғасыр бойы жинапты.
Кітапқа ХІХ-ХХ ғасырларда Арал, Қазалы өңірінде дүниеге келіп, бүкіл Сыр бойын дүбірлетіп өткен атақты Нұртуған мектебінің негізін қалаған Бижан, Сары жырау (Жансүгір), Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Дәріқұл, Жалғасбай, Үмбетәлі сынды дүлділ жыраулардың баға жетпес асыл қазыналары, ән-мақамдары нотаға түсіріліп, аудиотаспаға жазылып берілген.
Жаңа туынды – күйші-композитор Мұрат Сыдықов пен оның зерттеуші-музыкант ұлы Жандостың ұзақ жылдар бойы зерттеп, жинақтап, халқымыздың рухани байлығына қосқан үлкен ғылыми еңбегі. Ондағы 30-дан астам жыр-мақамдардың көбі әлі ешкім орындамаған, еш жерде жарияланбаған құрылысы, әуені әртүрлі сипаттағы кең тынысты жауһарлар. Бұл еліміздің термеші, жыршы, жырауларына баға жетпес асыл қазына болмақ.
Әкелі-балалы зерттеушілер жинақта Сыр өңіріндегі жыраулық дәстүрді дәріптей келе Қармақшы-Қызылорда өңіріндегі Жиенбай жырау, Арал-Қазалы өңіріндегі Нұртуған шайыр атындағы екі үлкен жыршы-жыраулар мектептерінің ерекшеліктеріне тоқталады. Алғашқысы іргесі ертерек қаланып, өркені кең жайылған, жыраулары жыр-мақамға бай, даусы зор, жырлағанда көбіне тамақтан қырағаттап, баппен айтатынына тоқталады.
Екінші мектеп жырлағанда жоғары кең ашық, кең дауыспен орындайды. Жыр-мақамдарының құрылысы күрделі, үні асқақ, сазды болып келеді. Мұнда екі мектептің бір-біріне ұқсамайтындығы, жыршы-жырауларының жырлау тәсілі, ән-мақамдарының құрылысы, үні, оның орындау нақыштары бөлек екендігін аңғартады. Сонымен бірге өнерге талпынған термеші, жыршыларға қажет қағидаларды да еске салады.
Кітапта Сары жыраудың, молда Дәулет, Жаппарберді Тілеубергенұлының, Жаңаберген Бітімбайұлының, Дәріқұл Өмірқұлұлының, Нұрсұлтан Жұбатовтың, Үмбетәлі жыраудың жыр-термелері, ән-мақамдары нотаға түсіріліп, авторлар туралы деректер берілген.
Ұстазы Үмбетәлінің шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның асыл қазыналарды кейінгі ұрпаққа жеткізудегі орасан зор еңбегін айрықша атап өтеді. Сонымен бірге осы өнер мектебінің кейінгі толқындары жөнінде де дәйекті пікірлер келтіреді. Осы салада 15 жылдан астам уақыт «инемен құдық қазғандай» көз майын тауысып, байырғы қазыналарды нотаға түсіріп, жинақтаған Жандос Мұратұлының еңбегі орасан зор. Күйші-композитордың үшінші шығармасы өз орындауындағы ән-күйлерінің аудиотаспаға түсіріліп, өнерсүйер қауымға ұсынылған бағалы туындысы.
Мұрат Сыдықовтың өнері де, өмірі де, арманы да, ардағы да Арал тағдыры десе болады. Композиторлардың бұл туындылары халқымыздың киелі де дәстүрлі өнеріне, рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Ел мәдениеті мен өнеріне қосылған қомақты үлес деуге болады.
Иә, Сырдың күрең топырағында дүниеге келген Мұрат Сыдықовты халқы күйші-композитор, ақын-жырау, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін жалғастырушы, бар ғұмырын киелі өнерге, ел болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Өмір жолында өнерімен ерекшеленген сан қырлы талант иесінің ғұмыр жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге.
Ұлтымыз аман тұрса, халықтың маңдайына біткен жұлдызы атанатын қазақ әрдайым бола бермек. Бізге «Рухани жаңғыру» кезеңінде бірлік, өнер мен білімге деген ұмтылыс, рухтылық, ұлт пен ел үшін жан пида дейтін сана қажет.