КЕЗЕКТІ МАУСЫМ «АҚБАЯН» СПЕКТАКЛІМЕН АШЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалсы аясында елімізде көптеген игі іс-шаралар атқарылуда. Бүгінгі таңда халқымызды өркениеттің өріне бастайтын өзіндік бағытты айқындап берген бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттер облысымызда да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Көптеген тағылымы мол мәдени-көпшілік іс-шаралар қолға алынуда.
Иә, Сыр өңірінде руханиятты қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, биыл бірқатар мәдени нысандар ел игілігіне беріліп, онда ұлттық құндылықтар дәріптелуде. Осы жылдың өзінде заман талабына сай облыстық мемлекеттік архив ғимараты мен бірқатар аудандарда ауылдық клуб үйлері ашылды. Бұған қоса, соңғы жеті ай көлемінде 25-ке жуық облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде түрлі шаралар ұйымдастырылып, халыққа рухы биік күні жігер сыйлады.
Олардың қатарында Астананың 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған "Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім!" атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Омар Шораяқұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған "Алты Алаштың шайыры" атты облыстық жыршы-термешілер фестивалі, драматург Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығы қарсаңында "Қаламы қарымды Қалтай" тақырыбында өткен халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық конкурсы бар.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің алтыншы мәрте өткен "Туған жер" VI республикалық ән байқауы мен әнші-композитор Батырхан Шөкенов атындағы "Отан-Ана" ІІ әншілер байқауында жас таланттар бақ сынады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет конференцияда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов атқарған жұмыстарға тоқталды. Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы мен өңірлік жобалық кеңсе аясында "Облыстағы тарихи-мәдени мұра нысандарының 3Д форматындағы интерактивті картасын әзірлеу" мен "Тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнату" жобалары жүзеге асырылуда.
Аталған жобалар ақпараттық қолжетімділік деңгейін арттыра түспек. Мәселен, соңғы жоба бойынша кез келген тұрғын ескерткіштерге орнатылған QR-код арқылы смартфонның көмегімен қажетті сол мәдени нысан туралы толыққанды мәліметке лезде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір шығармашылық ұжымның Шотландиядағы сапары туралы әңгімеледі. Айта кетейік, облыстық театр өткен тамыз айында Еуропа төрінде өткен дәстүрлі "Фриндж" халықаралық фестиваліне қатысып қайтты. Онда жерлестеріміз сөз зергері, көрнекті дарамтург-жазушы Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" лиро-эпостық драмасының желісі бойынша жазылған "Ақбаян" спектаклін әлемнің түкпір-түкпірінен келген талғампаз көрерменнің назарына ұсынған болатын.
Ертең 12 қыркүйекте Қызылордада Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының кезекті 64-маусымы ашылады. Театр жымы Шотландия төрінде сахналанған Ғ.Мүсіреповтың «Ақбаян» драмасы көрермен назарына ұсынады.