ЖЫРАУЛЫҚ – БАҒЫМЫЗҒА БІТКЕН ӨНЕР
Біз Сыр бойындағы дәстүрлі орындаушылық, шығармашылық, жыршылық, жыраулық өнерді әңгіме еткенде Қорқыт атаға соқпай кете алмаймыз. Қорқыттың ІХ-Х ғасырларда дүниеге келіп, содан бері ХХІ ғасырға жеткен еңбегіне сүйеніп, жалпы түркі әлемінің жыршылық-жыраулық тарихын түземіз. Абыз бабамыз өзіне дейінгі оғыз тайпаларының бұрынғы тарихы мен өз заманындағы тарихи оқиғаларды жырмен жазып кеткен ғұлама.
Біз оқырмандар назарына Қызылорда облыстық мәдениет саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмабек Аққұловтың «Жыраулық – бағымызға біткен өнер» атты мақаласының жалғасын ұсынып отырмыз.
Сүлейлер қатарына сөз ұстаған ақын, жырау, шайыр категорияларына жататын тұлғалар қосылады. Оларды әнші, жыршы, күйші орындаушылармен салыстыруға және шатастыруға болмайды. Сүлей категориясына ену үшін сөз өнерінің иесі халықтың алдында мойындалған, соңында мол мұрасы – қомақты өлең-жырлары қалған, ерек есіміне ешкімнің таласы жоқ тұлға болуы шарт. Сүлейлер – өз заманында жеке бастың мүддесі емес, қоғамдық мүдделерді жырына қосқан, өресі биік, жетесі мықты, білігі түзік және рухани тәуелсіз тұлғалар. Сүлей категориясына жатқызылатын тұлғаның шығармалары, жырлары халық аузында ғасырлар бойы жатталып, айтылып кең тараған және ұрпақтан ұрпаққа жеткен, бүгінгі күннің өзінде жыршы-орындаушылардың репертуарынан кең орын алған болуы керек.
«Жыршы – ақын да, жырау да емес, эпикалық жыр-дастандарды орындаушы ғана». Сөз жоқ бұл жыршының бойындағы сан тарау өнердің бір қыры екенін мойындауымыз керек. Десе де, жыршы сияқты күрделі құбылыстың бойындағы барлық функциясы тек жалаң орындаушылықпен ғана шектелмейтіндігін ескерген жөн. (Б.Жүсіпов. «Жырдария» Алматы, Арна баспасы. 65 бет.)
Бұл жерде жыршының тек жыр айтушы емес, ол домбырашы, жыраудың, шайырдың шығармасын насихаттаушы, тыңдармандарды имандылық пен адамгершілік т.б. адами қасиеттерді тәрбиелеуші ұстаз есебінде деп қабылдауға болады.
Жырау – тарих сахнасына хандық дәуірде шыққан айтушылар типінің марқасы, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қозғап, халықтың қамын жейтін жыр тудырушы, ойшыл кемеңгер. Жыраулық өнер Сыр бойында ерекше дамып, алабөтен дәстүрге ұласқан. Қазақ әдебиетінде «жыраулық поэзия» деген ұғым болса да, «жыраулық өнер» деген тіркес қолданысқа түсе қоймаған. Мұның алғашқысы әдеби-поэзиялық, соңғысы мәдени-музыкалық құбылыс.
Өткен ғасырдың басында дүниеге келген социалистік қоғам жыршылық-жыраулық өнердің өрісін 40-50 жылға шегіндіріп жіберді. Шегіндіріп деген жай сөз, бұл өнерді қамауда, қапаста ұстады. Кеңес Одағының саясатына сәйкес дін иелерімен қатар елдің ауқатты топтары қудаланып, бүкіл байлығы мен дәулеті тәркіленіп қана қоймай, рухани байлықтарына да үлкен зиян келтірді. Ескі жырлар: шежірелер, ғашықтық, батырлық, діни қисса-дастандардың бәрі де келмеске кетті. Оларды орындап, насихаттап жүрген жыршы-жыраулар да халық жаулары қатарында қуғынға ұшырап сотталды, жер аударылды, атылды. Бұрын елді емін-еркін аралап жырын жырлап, толғауын толғап, термесін нөсерлетіп жүрген өнерпаздар өз туыстары, өз қандастарының жауы болды.
Кеңес Одағы шаруашылықтарында түрлі жұмыстар істеп жүрген өнер иелері жасырынып та, аз ғана топтардың сұраулары бойынша оңаша жырлап та жүрді. Халық рухани азды. Оған ХХ ғасырдың І жартысындағы 1931-1933 жылдар арасындағы аштықты қосыңыз, бет-бетіне көше бастаған халық көрші Өзбекстан, Ресей, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан республикалары, қала берді Қытай, Ауғанстан, Монғолияға ауды. Қанша миллиондаған халық күйзеліске ұшырады. Көптеген жыршы-жырауларымыз шет елдерге бас сауғалап кетті.
1941 жылғы екінші дүниежүзілік соғыс қаншама өнер иелерін жалмады. Сүйектері әлі де қайда қалғаны белгісіз. Сырдың дәстүрлі жыраулық-жыршылық өнер иелерінің басына осындай зауал туды. Соғыстан жарымжан болып келгендер бұрынғыдай халық алдына шығып жарқырай алмады.
ХХ ғасырдың аяғына таман 1960-1970 жылдарда қазақ зиялы қауымдары өкілдері бас болып, Қазақ ССР ғылым Академиясының ұйымдастыруымен Сыр бойына арнаулы өкілдерін жіберіп, мұнда жыршылық-жыраулық өнер өкілдерімен жүздесіп, жүздеген өнер иелеріне жолығып, экспедиция мүшелері бұл аймақтағы өнер өкілдері әлі де бар екендіктеріне көз жеткізді.
Бұл жұмыста ғылым Академиясының қызметкері Сыр бойының тумасы, жыраулық, жыршылық өнердің бірден-бір жанашыры Мардан Байділдаевтың еңбегі өте зор болды. 1970 жылдардың ішінде атақты Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембекұлының қазақ зиялылары Сәбит Мұқановтың, Мұхаметжан Қаратаевтың, Әбділда Тәжібаевтың, Рахманқұл Бердібаевтың алдында өнер көрсетуі, жыраулық, жыршылық өнердің қайта жандануына көп әсер етті. Бұрынғыдай болмағанмен Сыр бойы жырауларының шығармашылықтары сахна төрінен көріне бастады. Аққан жұлдыздай болып дүниеден өткен Көшенейге еліктеп жастар шыға бастады. Бұл кезде Кете Жүсіптің бел баласы Мұзарап, оның баласы Сабыт, Берман жыраулардың басы бүтін еді. Бабалар аманатын арқалаған қарт жырауларға еліктеп жас жыраулар тобы қалыптаса бастады.
1990 жылдары Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның жанынан «Халық әні» кафедрасы ашылды. Бұған мұрындық болған белгілі жырау Алмас Алматов болды. Кейін ол кафедра Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік университет жанынан «Дәстүрлі өнер – жыр» кафедрасы болып қайта ашылды.
Енді дәстүрлі жыраулық өнерге құштар болып жүрген жастар жыраулық өнерді жоғарғы оқу орнында оқып, білім алуына жол ашылды. Қазіргі Қызылорда облысы жыраулық өнердің жалауын көкке желбіретіп жүрген аймақ саналады. Бізде ондаған жас жыраулар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі үлкен сахналарда ғана емес алыс-жақын шет елдерде, Еуропа, Америка, Таяу Шығыс, Қытай, Монғолия мемлекеттерінде арнайы шақырумен барып, өнер көрсетіп жүр.
Қазір облыс орталығындағы өнер мектебінде арнаулы жас жыраулар сыныптары ашылып, университетті бітірген өнерпаз жастар дәріс береді. Осындай сыныптар облыстың барлық аудандарындағы өнер, балалар музыка мектептерінде ашылған. Онда жыраулық-жыршылық өнерді игеруге ондаған жас өнерпаздар дәріс алуда. Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік университетіндегі кафедра, республикаға белгілі жыраулар Руслан Ахметов, Шолпан Бейімбетовалар сабақ берсе, Астанадағы Өнер Академиясының жанынан ашылған арнаулы жыраулық бөлімде белгілі жыраулар Алмас Алматов пен Елмұра Жаңабергеновалар дәріс беріп, олардың шәкірттері үлкен сахналардан көрініп жүр. Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде де арнаулы жыраулық сынып бар, оған жоғарғы білімді жыраулар А.Рахметов, Б.Төлеубаевтар дәріс береді.
Сыр бойы жыршылық-жыраулық өнерді насихаттауда облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы да сүбелі үлес қосып келеді. Өнер жанашыры Жағыппар Қарабаланың бастамасымен «Жыр – Керуен», «Сыр сүлейін сұрасаң...» тележобасы облыс жұртшылығына рухани мол мұра ұсынып келеді.
Сыр бойындағы дәстүрлі жыраулық өнердің болашағы зор, келешегі кемел деп батыл айтуға болады.
Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қызылорда облыстық мәдениет саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы