ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткені белгілі. Осы бағдарлама аясында Жалағаш ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, композитор, әнші Елена Әбдіхалықованың шығармашылығына арналған ән байқауы өтті.
Жұртшылықты рухани серпілткен шара Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылдық округінде өтті. Бірнеше өнердің тізгінін тең ұстап, киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік бояуы бар сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырымен тербеп жүрген жерлесіміз туған жеріне келді.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Мемлекет басшысы: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» деген болатын. Иә, туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды, – деді композитор Е.Әбдіқалықова.
Шара барысында Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов сөз алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында туған жеріне келіп, тағзым жасап жатқан Елена Мәжитқызына алғысын білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, ауданның құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, сазгер, қазылар алқасының мүшесі Айкүміс Орынбаева сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Туған жеріне табан тіреген өнер жұлдызы ауылдағы ағайындарға әннен шашу шашып, болашақ сахна иелерінің өнерлерін тамашалады. Байқау ережесі бойынша жас өнерпаздар І кезеңде Елена Әбдіхалықованың шығармашылығынан ән орындаса, келесі кезеңде Астана, Қызылорда қалаларына арналған бір әннен орындауы шарт.
Оларға қазылық еткен өнер майталмандары үміткердің орындаушылық шеберлігін, ән айту мәнері мен дауыс ырғағына, әнді жанды дауыспен орындауын, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне мән берді.
Байқауда Сыр сандуғашы Елена Әбдіқалықованың шығармашылығындағы әнді қаз қалпында орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленгендер жағы басым болды. Оларға сазгердің өзі құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
– Бүгінгі байқауды өте жоғары деңгейде өтті. Бұқарбай ауылынан қатысқан өнерпаз Ботагөз Садықованың, Шәменов ауылынан қатысқан Жақсылық Серікболдың дауысы ұнады. Ал, Далдабай ауылынан қатысқан Орнықхан Фазыл мен жаңадариялық Нұрболат Шалабайдың болашағынан зор үміт күтуге болады. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратындарына сенімдімін, – деді төрешілер.
Нәтижесінде бас жүлдені Далдабай ауылынан келген Орнықхан Фазыл жеңіп алды. Келесі орындарды Бұқарбай ауылдық округінен қатысқан Ботагөз Садықова иеленсе, ІІ орынды Серікбол Жақсылық (М.Шәменов ауылы), Аружан Төлепберген (Мәдениет ауылы) өзара бөлісті. Ал ІІІ орында Гүлсім Әбжапбарова (Мақпалкөл ауылы), Нұрболат Шалабай (Жаңадария ауылы), Аманжол Жорабек (Аққыр ауылы) еншіледі.
Жас өнерпаздарды сазгер Елена Мәжитқызы марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Еленаның әндерін елі сүйіп тыңдайды. Айта кетейік, Елена мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ бірнеше айтысқа қатысқан. 1990 жылы Қызылорда қаласында өткен «Рауан» аймақтық фестивалінің лауреаты атанды.
Елена Әбдіхалықованың «Қарашық», «Шынар көлі» өлеңдер мен әндер жинағы, «Бақыт құсы», «Көздеріңе ғашықпын» атты жыр жинақтары жарық көрген.