БАТЫР АНАЛАР АНСАМБЛІ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлтты ұйыстыруға, кешегімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндейді, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайды. Осы бағдарламалық мақаласында Елбасы Н.Назарбаев ұлттық рухани жаңғыруды жариялап, иірімі терең идеологиялық ұстанымның қадау-қадау қазықтарын қағып, шешімдерін шегелеп берді.
Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала біраз игілікті істің бастауы болды. Байыптап қарасақ, Отанға, туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Осы орайда біз отыз жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблі туралы айтпақпыз.
Оқырманның жадында болса, Жалағаш ауданы Еңбек ауылындағы алтын құрсақты аналар сонау 1988 жылы «Батыр аналар» ансамблін құрды. Сол жылдың 7 наурызында алғашқы құрамдағы 19 батыр ана ауылдық мәдениет үйінде жеке концерт берді.
Лық толы залда аналарға көрсетілген қошеметтің шегі болмады. Алғашқы концерттен-ақ көрерменнің сұрауымен көршілес Жаңадария, Аққұм, Ақарық, Шаған, Мырзабай ахун сынды ауылдарда өз өнерлерін көрсетті.
Ансамбль құрамында Әдеп Толыбаева, Айнагүл Бұрышова, Набира Каукенова, Жанымкүл Есімова, Ақзереп Аяпова, Қантай Итенова, Жұмакүл Бексейтова, Абаштар Жұмағұлова қазақ, орыс халық әндерін әуелете шырқаса, Зәпен Жалғасбаева қазақ биін биледі. Ансамбль жетекшісі Жұбатханова Рахия өзбек, сыған, үнді халықтарының ұлттық билерін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар, ансамбль құрамындағы Дәркүл Тоқабаева, Рая Нұрханова, Гүлсім Жаңабаева халыққа ой салар көріністерді сахналады. Көп ұзамай ансамбль құрамы толықты.
Аналарымыздың қазақ халқының демографиясына қосқан үлестерімен қатар ұлттық мәдениетімізге сіңірген еңбектерін сол кезгі аудандық, облыстық, республикалық басылымдар жарыса жазды. Атап айтар болсақ, «Труд», «Известия», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Социалистік Қазақстан», «Ленин жолы», «Жаңадария» басылымдарының қызметкерлері нөмір сайын ансамблді қаламына арқау етті.
Сонымен қатар, алтын құрсақты аналарымыз қайырымдылық концерттерін өткізуді де назардан тыс қалдырмады. Облыс орталығындағы «Қарттар» үйіне, «Сәбилер» үйіне концерттік бағдарламасымен барып, қариялар мен сәбилерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тағы бір айта кететін дүние аналарымыздың алтын қолынан шыққан көрпешенің сан түрі аудандық «Иманқұл», ауылдық «Мүсірәлі баба» мешіттеріне сыйға тартылды.
Ансамблдің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында М.Қызбалаевтың сүйемелдеуімен «Батыр аналарымыз» Аққұм, Шәменов, Мәдениет, Бұқарбай батыр, Мырзабай ахун ауылдарында қайырымдылық концертін беріп, одан түскен қаржыны сол ауылдардағы тұрмысы төмен отбасыларға табыстады.
Батыр аналарымызға әр концерт сайын қаржылай көмек көрсеткен азаматтарымыз да жоқ емес. Ауыл төрағасы Шакизатхан Искаков әрдайым аналарымыздың сахналық киімдерінің сәнді де сапалы болуына өз үлесін қосты. Еселі еңбектің нәтижесінде батыр аналарымыз облыс әкімінің «Паз» автобусын сыйға алды. Бүгінде 30 жылға аяқ басқан ансамбль құрамында 14 батыр ана бар. Көбі дүние¬ден өтті. Демографиямызға дем беріп, ұлттық өнерімізді дәріптеп, өңірдің берекесін арттырған батыр аналарымыздың өне¬ріне бас иеміз.
Н.НАРТАЙҚЫЗЫ,
Жалағаш ауданы