СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ: БІЗДІҢ БАЙЛАР ӨЗГЕГЕ КӨЛ, ӨЗІМІЗГЕ ШӨЛ
Белгілі әнші Сәкен Майғазиев “Жұлдыз” арнасындағы Марал Сатқанғалиеваның авторлық бағдарламасына берген сұхбатында шетел әншісіне қыруар қаржы беріп, қазақ әншісіне келгенде аянып қалатын қалталы азаматтарды сынға алды, деп жазады Stan.kz.
“Өзгенің қаңсығын таңсық қылып деген сөз бар. Біреудің қалдырып, шайнап тастап кеткен дүниесін таңсық қылып жатқандаймыз. Таңғаламын, кішкентай еркетотайы үшін айдаладан шетелден әншілерді алдырып, 40-50 мың долларлап шашып жатқан мықты-мықты миллионерлер, қалталы азаматтар бар. Ол әншісі алқынып, тартынып қаншама адаммен келеді. Неге қазақтың азаматтарын көтермейді, неге көмектеспейді? Сонда тәуелсіздікті осылардың тайраңдап жүруі үшін алды ма, деген мәселе мені де ойландырмай қоймайды”, – деп бастады сөзін Сәкен Майғазиев.
Әнші өзгенің дүниесін қызғанбайтынын атап өтті. Алайда ел экономикасы дамымай жатып, өзге елге шашылатын азаматтарды түсінбейтінін алға тартты.
“Байдың малын бишара қызғаныпты” дейді. Біреудің малын қызғанғаным емес. Жалпы өзіміздің бюджетімізді дамыта алмай, қалтамызды қампайта алмай жатқан кезде айдалаға шашылатынымыз-ай… Сол 50-60 мың доллар сұрап жатқан шетел әншісінің орнына қазақтың бір әншісіне 4-5 мың доллар берші десең жылап жібереді. Болмаса жетім-жесірге не мұқтаж жанға пәтерақысын төлеуге 400 доллар бере аласың ба десең, зар қақсайды. Ал бірақ казиноға, шетелге түстеніп келуге ұшып барып жүрген адамдарды көргенде, қай ата-бабасынан келген дәулет еді осыншалықты ысырап жасайтындай деп ойлаймын. Ысырапты өте көп пайдаланымыз. Күні-түні арақ ішіп, казино ойнап жүрген адамдарды көрген кезде, шіркін бабаларым-ай деп жылағым келеді”, – дейді Майғазиев.
Бұдан бөлек, Майғазиев рухани тақырыпта сөз қозғасаң үнсіз қалатын, бірақ дау-дамай мен өсек-әңгімеге келгенде алдына жан салмайтын жандар туралы айтты.
“Желтоқсаншыларымызға Алла разы болсын, мейіріміне бөлесін. Қаншама қазақтың ұл-қыздары қақаған қыста алаңға шығып, қаншама қыздарымыз жапа шекті, ұлдарымыз қорлық көрді. Соны бағаламай жатқан сияқтымыз. Мысалы, әлеуметтік желіге Отан туралы, патриотизм туралы бірдеңе жазсаң, пікір өте аз. Ал шоу-бизнесте жүрген бір қарындасымызбен суретке түсе қалшы, 500-ге дейін пікір кетеді. Сонда біздің ой-өрісіміздің сонша түсіп кеткені ме?” – деп назын білдірді Сәкен Майғазиев.