СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ: БАЛА КҮНІМНЕН МЕЙРАМБЕКТІ ТЫҢДАП ӨСТІМ, ӘЛІ ДЕ ЖАНКҮЙЕРМІН
Мейрамбек Бесбаевтың ән кешіне бір үйдің баласындай атсалысып, қолдау көрсеткен өнердегі достары кеш иесі туралы жылы лебіздерін білдірді. Мәселен, бүгінде Мейрамбекпен бір топта ән салып жүрген Сәкен Майғазиев бала күнінен оның жанкүйері болғанын мойындады.
Саят Медеуов досы Мейрамбекке “жалпыға жаққан жалғыз әнші” деп баға берсе, Тоқтар Серіков “Мейрамбектей досымды ат басындай алтын берсе де айырбастамаймын”, деп ағынан жарылды.
Бұл туралы Zhuldyz.Tv арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
“Қаймана қазақ аңсап жүрген, осындай жоғары деңгейдегі, кәсіби деңгейі жоғары, жақсы концертті сағынып жүр халық. Заманымыз не боп кетеді екен деп қыл үстінде тұрған уақытта Мейрамбек сияқты нар тұлғалар көбірек концерт беріп, шөлдеп отырған халықты әдемі әндерімен сусындатса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Бала кезімізден Мейрамбекке жанкүйер болдық, әлі де жанкүйермін. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді. Сол себепті Мейрамбектің әуезді әндері таусылмасын. Сахнада жүргеніне бар-жоғы 30 жыл екен. 40-50-60 жылдығын тойлай беруімізді Алты Алашпен нәсіп етсін деген тілек айтқым келеді”, – деп ақжарма тілегін жеткізді Сәкен Майғазиев.
“Жалпыға жаққан бір әнші болса, ол – Мейрамбек. Мүмкін біреуіміз кішіге, біріміз ортаға, енді біріміз үлкенге жақпауымыз мүмкін. Бірақ жалпыға бірдей жақпауымыз мүмкін, ал Мейрамбек ол жалпыға жаққан әнші. Оны біз құрметтеуіміз керек”, – деді Саят Медеуов.
Ал Тоқтар Серіков қалған ғұмырын бала кезден қатар өскен досымен бірге өткізетінін айтты.
“Мейрамбектей дос жалғыз менде. Оны ат басындай алтынға да, ештеңеге де айырбастамаймын. Бізді қазақ бірге өсірді. Біз Алтынбек Қоразбаевтың қос қанатымыз ғой, бірге келе жатырмыз. Тіз-көзден Құдай сақтасын. Алдағы ғұмырымызда да бірге жүреміз. Берері көп”, – деп ағынан жарылды Тоқтар Серіков.