ҚАЛИЛАНЫҢ ҮЙЛЕНУІ
Қазақ тарихын таспаға түсіріп, жанталасып жүрген жігіт көз алдыңа келеді.
Қалила десе…
Алаш тарихын ардақтап келе жатқан ақмылтық киногер ойға түседі.
Қалила десе, кейде қазақтың қарапайым аңқылдаған абзал азаматы көңілге ұяласа, ал кей-кейде кәдімгі Қожа Нәсіреддиннің бейнесі елестейді…
Неге?
Өйткені, оның өмірі осы көріністердің бәрін қамтиды.
Қысқаша ғана айтып өтейік…
Қалила Нематұлы Омаров отыз жылдан астам уақыттан бері тынбай тер төгіп, қазақ киносы, оның ішінде деректі кино саласында айрықша еңбек етіп келеді. Оның Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Бауыржан Момышұлының, т.б. арыстарымыздың өмір жолын бейнелеген «Алаш туралы сөз», «Алашордашылар», «Міржақыптың оралуы», «Мағжан», «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмдері қазақтың деректі кино өнеріндегі тұңғыш дүниелер болды.
Кинорежиссер-оператор қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлер туралы, өнер, ғылым, спорт, жалпы, мәдениет майталмандары жайында 40-тан астам деректі кино түсірді. Бұлар жәй ғана деректі фильмдер емес, қазақ тарихын, өнер, білім, спортымыз тарихын, өрге басып келе жатқан қоғамымыз шежіресін көрсететін бірегей туындылар.
Мысалы, біртуар перзентіміз Мұстафа Өзтүрік алғаш рет қазақ жеріне келген кезде оның қасында жүріп, «Барып қайт, балам, ауылға» деректі фильмін түсірді. Қазақтың басынан кешкен ашаршылық туралы «Нәубет» фильмінің де зар заманның көріністерін шынайы бейнелеген картина ретінде ойып тұрып алатын өз орны бар. Батыс өңіріміздегі қазақ мұнайшылары туралы түсірген деректі фильмдері өз алдына бөлек әңгіме. Көрерменге кейінгі жылдары жол тартқан «Темірбек Жүргенов», театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы «Сын сардары» атты деректі фильмі де Қалила Омаровтың қолынан шыққан кесек дүниелер.
Алпыстың иығына асылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ІІ дәрежелі «Қайсар» орденінің және «Бауыржан Момышұлы» құрмет белгісінің иегері, белгілі кинорежиссер-документалист, оператор Қалила Омаров туралы небір қызықты да тағылымды оқиғалар жетерлік. Соның біразын 3 мамыр күні сағат 19.00-де Қазақ мемлекеттік филармониясында болатын Қазақстан Кинематографистер одағы, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы және Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Мирас» антреприза театры ұсынып отырған «Антисуайт Қалила» трагикомедиясынан көруге болады.
Балалық арман жетегімен Ленинградқа жету үшін үйден қашып, Ақтөбеден ұсталып, қайтып келген Қалиланың амалсыз мектеп бітіруіне тура келді. Мектеп бітірген соң, арман болған Неваның жағасындағы 1-Петр салған қалаға жол тартты. Ол жақта кино түсірудің қыр-сырын үйрене жүріп, Бүкілодақтық байқаулардың жүлдегері болды. Петербургте біржола қалуды ойлап жүргенінде, әкесі Нематулладан «тез қайт» деген хат келіп жетті. Әке бұйрығына қарсы келмеген ұл елге қайтты.
Жаз. Жаңақорғанның ми қайнатар ыстығында көлеңкелейтін ағаш та жоқ. Қалила вокзалдан түсіп, әкесі жұмыс істейтін поштаға қарай бет алды. Бұтында бұл жаққа әлі жете қоймаған, ел адамдарының көзіне ерсі көрінетін шорты, көзінде көзілдірік, басында панама деп аталатын шляпа ма, бір нәрсе. Ресейдің киногерлеріне еліктеп қойған сақал-мұрт. Арқасында жүк салатын қалта, иығында сөмкесі – вокзалдан төмен түсіп келе жатса, алдында әкесі бір-екі кісімен әңгімелесіп тұр екен.
– Ассалаумағалейкум! – деп әкесімен, қасындағы кісілермен амандасты. Әкесі қолын алды да, қасындағылармен әңгімесін жалғастыра берді. «Ммм, шал маған қатты ренжіген екен, жөндеп амандаспады да ғой», – деп ойлап үлгергенінше, әлгі кісілердің бірі:
– Қожеке, мына күннің ыстығында мұнда неге тұрсыз? – деп сұрады.
– Иә, әлгі Ленинградта оқитын бала пойыздан түсуі керек еді, соны күтіп тұрмын. Пойыз келіп, кетіп қалды, ол көрінбейді.
– Күтіп тұрғаныңыз қай балаңыз?
– Ой, әлгі бала кезінен сол Ленинградта нағашысы күтіп отырғандай, барамын деп, талай рет қашып, мектеп бітірген соң, ақыры кетіп тынған жоқ па еді?! Сол ит өлген жерден басқа қалада оқу жоқтай!
– Қалила ма? – деді әлгі кісі ол әңгімені жақсы білетіндігін сездіріп.
– Иә, сол Қалила оқуын бітірген соң, сондағы «Ленфильмде» қалып жұмыс істеймін, кино түсіремін дей ме, мен түсінбейтін бір нәрселерді айтып, сол қалада қаламын деген жерінен «ата-бабаң істемеген іспен айналысып, не көрінді?! Өлсең, өлігіңді қайдан табамын?!» – деп шақырғанмын. Сол бала мына пойыздан түсуі керек еді, білмеймін ғой неге жоқ екенін. Әлі көрінбейді ғой, – деп, Нәкең бір тоқтады.
– Жарықтық, қожеке, балаңызды танитын ба едіңіз?
– Денің сау ма өзіңнің? Өз баламды танымай, не көрініпті маған?
– Танысаңыз, мына тұрған бала Қалила емес пе? – деп, Қалиланы нұсқағанда, Нәкең көзілдірігінің үстінен бұған жаңа көргендей таңырқай қарап, біраз тұрды да:
– Не дейт, мына сақалды пәле шынымен біздің балаға ұқсайды ғой! Немәтулла ақсақал өз-өзімен тілдескендей, ақырын ғана күбір етті. Бұл:
– Көке, жаңа амандастым ғой, – деп келе жатыр еді, әкесі:
– Жоғалт көзіңді бұл жерден, мынау не киім, масқарапазға ұқсап, ой, атаңа нағлет, о несі-ай! – деп, бұлқан-талқаны шығып, айқайға басты. Әкесінің мінезін жақсы білетін Қалила үйге қарай жүгіре басып кете барды. Үйге келген соң, сақалды алдырып, шашты қысқартып, ел қатарлы киім киген Қалиланы сол күннің ертесіне-ақ әкесі қолынан жетектеп отырып, аудандық мәдениет бөліміне сүйрегендей етіп, ертіп келді. Мәдениет бөлімінің сол кездегі бастығы Сүлейменов Әбілтайдың кабинетінің есігі алдында кезек күтіп отырғандарында, іштен айтыскер ақын Мәкең – Манап Көкенов шығып келе жатты. Бұлар Мәкеңмен амандасып болған соң, Мәкең:
– Иә, Нәке, бұл жерде қайдан жүрсіз? – деп сұрады.
– Мәке-ау, мына ініңіз – менің балам, Ленинградта оқып келген, соған жұмыс іздеп келген едік. «Жолы болар жігіттің жолдасы шығар алдынан» дегендей, өзіңіз кездесіп, жақсы болды. Тіл жәрдеміңіз керек.
– Жақсы, онда жүріңдер, – деп, Мәкең бұларды ертіп, кабинетке кірді.
Сол жерден Қалила аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болып шықты. Сөйтіп, Қалила «Қош бол, Ленинград! Қош бол, кино!» деп, жұмысқа кірісіп те кетті. Қысы-жазы күрішшілер мен шопандарды аралап, мәдени қызмет көрсету, арасында халық театрында спектакльдерде ойнау, өнер ордасы болған соң, әрине, күнде арақ, күнде той дегендей, үйдің бетін көрмейтін болды…
Бір күні әкесі таңғы шайдан кейін:
– Әй, кемпір, бері кел, ақылдасатын шаруа бар, – деді. Анасы дастархан басына келіп жайғасқан соң:
– Иә, отағасы, тыныштық па, не айтасыз?
Әкесі жұмысқа кетейін деп жатқан Қалилаға:
– Кел, мұнда отыр, ақылдасатын шаруа бар.
Дастархан басындағылар үнсіз, отағасының аузына қарап, отырып қалды.
– Әй, қатын, мынаны есалаң ғылып, селкілдетпей, аяғына тұсау салу керек, – деді көкесі.
– Ой, жаратқан ием, тұсауы несі?!
– Ой, мынаның қорлығын-ай, қатын алып беру керек деймін. Келін жұмсап, немере сүйгің келмей ме?
– Не дейді құдайым-ау? Айғайлай бергенше, солай демейсіз бе? Ой, құлыным сол! Келінге орамалымды дайындап қойғанмын. Қазір әкелейін. Ой, айналайын Қалилажан! Бағанадан айғайлай бергенше, солай демейсіз бе?! Әй, ана сандықтың кілтін, – деп, күйбеңдеп, демде әбігерге түсе кетті.
– Әй, мына сорлыға не болды? Отыр, алдымен келінді келтіріп алайық. О несі-ей!
– Әй, бала!
Қалила сасқанынан бөтен біреуге айтып жатыр ма дегендей, артына бұрылып, қарады.
– Қалила, саған айтып отырмын. Сөйлесіп жүрген адамың бар ма?
– Жоқ, әке, ондай ешкім жоқ.
– Ендеше саған қалыңдық, бізге келін іздейміз.
– Жарайды, көке, дегеніңіз болсын.
– Онда ана Жамалды, Ахметханды шақырыңдар.
Ағасы шақырған соң, Жамал апа мен Ахметхан да келіп жетті. Амандасып болған соң әкесі:
– Мына інілеріңді үйлендіретін уақыт жетті. Соған өзімізге қарасты ағайынның қыздарынан қарастырып, үйленетін қыз табыңдар, – деп, бір-ақ кесті. «Жарайды, көке, өзіңіз ойлап жүрген адамдарыңыз бар ма еді?» – деп, Жамал апам ортаға сауал тастады. «Иә, көке, өзіңіздің ұйғарып отырған кісілер болса, айтыңыз», – деді Ахметхан. Сөйтсе, көкесі бұл іске дайындалып қойған екен, қалтасынан бір парақ қағаз шығарып, Жамал апаға беріп:
– Осы ағайындардың үйінде бойжетіп отырған қыздары бар. Соларға барып, сөйлесіңдер. Балалар бірін-бірі көрсін. Алла н?сіп етсе, иншаллаһ, бұйырған біреуі бізге келін болып қалар. Алла тағала жар болып, Айқожа ишан бабам қолдап, осы істің оңынан бітуін нәсіп етсін. Жолдарың болсын. Әумин! – деп батасын берді. Сөйтіп, Қалилаға қалыңдық іздеу операциясы басталып кетті. Көрші ауылдағы бір ағайындардың үйіне баратын болды. Әкесі бұл іске баяғыдан дайындалған екен. Өзі Жамал апасы мен Ахметхан екеуінің соңынан томпаңдап ере берді. «Нағыз Тайлақ болдым-ау! Тек кинодағыдай келін іздейтін жалғыз шешесі емес, менде – екі адам. Біз қожа болғандықтан, ата-баба аманаты бойынша қожаның қызына үйленуіміз керек. Осы күні кейбір түсінбейтін ағайындар айтып жүргендей, біздер бір ру емеспіз, қазақ халқының құрамына еніп, сіңіп кеткен арабтардың ұрпағымыз. Біз де жеті атадан аспай, бір-бірімізбен қыз алыспаймыз». Қалила тағы да ойға шомып келеді. …Сонымен, бұлар жолға шықты. Діттеген жеріне жетіп, үйге кірген соң, Жамал апай келген шаруаларын мақалдап отырып жеткізеді. Қыздың әке-шешесі: «Өте дұрыс іс. Жастар бірін-бірі ұнатса, қарсы емеспіз» дегенін айтқан соң, жастар оңаша қалып, сөйлеседі.
Бірінші барған үйдің қызы ұнамағандықтан, Қалила қыздан құтылудың амалын қарастырды. Егер қыз ұнамады десе, оның арты не болатынын, әкесінің мінезін жақсы білгендіктен, олай айта алмайды. Қалай да бір амалын табуы керек. Сонымен, қыз екеуі оңаша қалды. Қалила ойына бірінші түскен амалға жүгінуге бел буды. Ол – есуастау болып көріну.
Қалыңдық пен күйеу жігіттің кездесу сәті. Қыз Қалила отырған бөлмеге кірген кезде, бұл құлақ-мұрнын шұқып, саусағына үңіле қарап отырған күйі: – Қарындас, қалайсыз? – деп, даусын созыңқырап, әндете сұрады.
– Жақсы, – деді қыз төмен қарап отырып.
– Байға тиюді ойлап жүрсің бе? – деді бұл саусағын бірінші рет көріп отырғандай шұқшия үңіліп.
– Білмеймін, бұйрық болып жатса…, – деп, қыз да сүйкейсалды жауап берді. Байқайды, қыз бұған көзінің астынан сынай қарап, бұл оқыс қимыл жасағандай болса, тұра қашқалы отырған сыңайлы. Қалила құлағына саусағын бойлата тығып, рахаттана шұқып отырып:
– Маған тиесің бе, а? – деп, бақырайып қарағанында, қыз орнынан атып тұрып, есіктен шыға жөнелді. Бұл өз ісіне өзі риза болып, іштей күліп, бөлмеден шықты. Әрине, қыздың ата-анасы «қыз ұнатпай отыр» деген сыпайы сылтаумен шығарып салды.
Қалыңдық іздеген үшеуі қаздай тізіліп, аялдамаға келіп, автобусқа отырып, келесі ауылға бет алды. Бұл ауылдағы қызға өзінің Ресейде әйелі мен баласы бар екенін айтып, сендіріп, қызға «Сен адамым бар деп айт» деп, көндіріп, ол үйден де аман-есен шығып, тағы да үш-төрт үйге бас сұғып шыққан соң, әкейдің тізімі бітті-ау, әйтеуір! Үйге қайтып келе жатып: «Қызымыз қожаға шығуы керек» дейді де, істеп отырғандары мынау. Аяқ-қолы бүтін, дені сау адамға тимегенде, бұл қыздар кімге тимек?!» – деп, Жамал апа сөйлеп келе жатты.
Үйге келген соң ақылдасып, Жетісайдағы ағайындардың қыздарын көретін болып шешті. Үшеуі Жетісайға келіп, Жамал апаның үйіне тоқтап, ертесіне қызы бар үйге келді. «Ал, бауырым, міне, ата-бабамыздың қалдырған аманаты бойынша, сүйек жаңғыртайық деп, келіп отырмыз. Сіздің үйде бойжетіп отырған қыз бар деп естідік. Мына біздің бала – Қалиламыз оқуын бітіріп келіп, жұмыс істеп жатыр. Осы баланы аяқтандырсақ деп, ат арытып, келіп отырмыз». «Иә, Жамалжан, қош келіпсіздер! Келген шаруаларыңыз бітіп жатса, біз де қуанышты болар едік. Бірақ, баяғы заман емес, қызды еріксіз беріп жіберетін. Балалар сөйлессін. Бірін-бірі ұнатса, біздің қарсылығымыз жоқ». Сонымен, бұлар баяғы сценарий бойынша қызбен оңаша бөлмеде кездесті. Қыз он тоғыз-жиырма жастар шамасындағы қасы-көзі қиылған, орта бойлы, тоқпақтай бұрымдарының ұзындығы тізеге түсетін аққұба келген сұлу қыз екен. Қыздардың бәрін әжуалап жүрген батырыңның мына сұлулықты көргенде, тілі байланып, сәлемдесуден аса алмады. Бұл солай есалаң күй кешіп отырғанда, жанында отырған арудың өзі бастады: «Аға, өзіңізді революцияның астанасы – Ленинград қаласында оқып келген, мәдениеттің не екенін білетін, озық ойлы азамат деп естідім. Сондықтан, мені түсініп, маған көмектеседі деп сенемін». Бұл мылқау жандай басын шұлғи берді. «Менің уағдаласқан, сүйген жігітім бар. Сондықтан, сіз «мен қызды ұнатпадым» десеңіз». Бұл тағы да басын шұлғыды. «Рахмет, аға, қарындасыңызды сыйлағаныңызға. Сізге лайық бір жан өзіңізді күтіп жүрген шығар. Бақытты болыңыз», – деп, қыз шығып кетті. Бұл біраз отырып, бөлмеден шығып, ағасы мен Жамал апаға елге қайтатын уақыт жеткенін білдірді. Қайтар жолда үшеуі де ләм-мим деп тіс жармаған күйі үндемей, үйге жетті.
– Сонан соң не болды? – деп сұрадым мен, өз басынан кешкен хикаясын өзгенің атынан сабырмен баяндап отырған Қалилаға сәл таңырқай қарап.
– Не болушы еді?! Қазіргі келінің – қыпшақтың қызы Рыскүлді кездестіріп, тұз-дәміміз жарасып, қосылдық. Аллаға шүкір, екі ұл, екі қызымыз, немерелеріміз бар. Рыскүл менің ыстығыма күйіп, суығыма тоңып, қыңыр-қисық мінезімнің бәріне төзді. Міне, менің үйлену хикаям тәмәм, – деп, Қалила әңгімесін аяқтады. Иә, солай. «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген осы екен.
Әбдрейім ӨМІРОВ,
әнші-композитор.