«ЖАЙНАЙ БЕР, ҚЫЗЫЛОРДА!»
Кеше көркемсурет галереясында Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Жайнай бер, Қызылорда!» атты республикалық суретшілер симпозиумының ашылу салтанаты болып өтті.
Онда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қылқалам өнерінің ұлттық руханияттағы алар орнына тоқталды. Сырдағы симпозиум аясында бас қосқан суретшілерге табыс тіледі.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен өткізіліп отырған симпозиумға Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Қарағанды, Өскемен қалаларынан Қазақстанға танымал қылқалам шеберлері, сондай-ақ, жергілікті суретшілер қатысуда.
Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалы жетекшісі Амангелді Кененбаевтың айтуынша республикалық симпозиумның Сырда өткізілуі үлкен табыс. Талант иелері бас қосқан шарада бейнеленген картиналар көркемсурет галереясына сыйға беріледі.
Бүгін симпозиум қонақтары Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешенінде болып, құрбандық шалды. Аруақтар рухына арнап Құран оқыды. Осыдан кейін ғана пейзаждар мен этюдтер салуға кірісті.
Қылқалам шеберлері осыдан кейін Жаңақорған ауданына барады. Үшінші мамыр күні болатын шара қорытындысына орай көркемсурет галереясында көрме өтеді.