ҚАЗАҚ ЕРТЕГІСІ ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА САХНАЛАНДЫ
Азия мәдени орталығы қазақ ертегілерін корей тіліне тәржімалап, соның желісінде көрермендерге жаңа қойылым ұсынылды. Бүгінде оны 30 елді мекен халқы тамашалап үлгерді.
Мәдени орталық өкілдері алдағы уақытта тағы бірнеше қазақ ертегісін корей тілінде сөйлетуді жоспарлап отыр. Азия орталығы Кванджуда орналасқан. Орталықтың мұрағатында Қазақстандағы корей диаспорасының өкілі, белгілі композитор Тен Чудың шығармалары жинақталыпты. Ол осы Кванджуда туғанымен, саналы ғұмырын қазақ жерінде өткізген. Қыздар педагогикалық институтында, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарды. Осыдан 4 жыл бұрын Тен Чу дүниеден озды. Азия мәдени орталығы оның музыкалық мұраларын халыққа таныстыруды жөн санайды.
Сонымен қатар, мәдени орталықтың кітапханасынан Азия елдері жазушыларын шығармаларымен танысуға болады. Әзірге мұнда қазақстандық қаламгерлердің кітаптары жоқ. Бірақ алдағы уақытта Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың нәтижесінде жұмыс жандана түсетіндігіне сенім мол.
- Біздің орталық 2015 жылдың соңына қарай ашылды. Әзірге Қазақстанның мәдениеті туралы жинаған материалдарымыз көп емес. Сондықтан, сіздердің мәдениет және спорт министрлігімен келісіп жатырмыз. Олар да бізге көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Әзірге, кәріс тіліне қазақтың «Жезтырнақ» «Пері және Мамай» ертегілері аударылып, саханаланды, – дейді Азия мәдени орталығының президенті Пан Сон Гю.
Азия мәдени орталығы тобының жетекшісі Чой Джин И ертегіні аудару барысында қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ таныса түскенін айтады. Орталық өкілдері қазақтың салт-дәстүрлері туралы дерек жинап, қуыршақтарды да қолдан жасапты.
– Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы айтулы датаға орай Азия мәдени орталығы қазақстандық жазушылар мен суретшілердің көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазақ ертегілерінің жинағын басып шығармақ ойымыз бар,-дейді ол.