ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ РЭППЕРЛЕР СЕРГЕЙ МОРОЗОВҚА ӘН АРНАДЫ
Тартысты спорттық жарыстарының бірі саналатын аралас жекпе жектен M-1 Challenge 76 халықаралық турнирі 22 сәуір күні Ингушетияның Назрани қаласында өтеді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасының арнайы жобалар қызметі. Халықаралық сайыста ел намысын аралас жекпе жектер бойынша Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, аралас жекпе жек бойынша әлем біріншілігінің вице-чемпионы Сергей Морозов қорғайтын болады.
Талантты спортшының жанкүйерлері – қарағандылық рэп-орындаушылар Әкежан Лұқпанов пен Антон Зенин спортшыны қолдау мақсатында ән жазып, бейнебаян түсірді.
- Барлығы ойламаған жерден болды. Досым Әкежан Сергейдің мықты жігіт екенін, керемет күресетінін айтты. Осылайша бейнебаян түсіруге бел будық. Бұл – қанаттандыратын ән. Онда тек спортшымызға деген қолдауымыз ғана емес, Отанымыз – Қазақстанға деген ыстық ықыласымызды жеткіздік, - деді B.u.ll.d.o.G деген лақап атты иеленген рэпер Антон.
Рэп-орындаушы Әкежан DIEZO Лұқпановтың өзі де екі жыл жекпе жек өнерімен айналысқан екен. Сергей Морозовты көптен байқап жүрген ол спортшының күресу мәнері, адамгершілігі ұнайтынын айтады.
Сергей М1 Global халықаралық компаниясымен келісімшарт жасасқан қазақстандық алғашқы спортшы болғанына қарамастан, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан. Сондықтан оны қолдағымыз келді, – дейді рэпер.
Халықаралық турнирде қазақстандық спортшының қарсыласы бразилиялық чемпион Фабрицио Сарраф болмақ. Сергей Морозов турнирге дайындықтың негізгі кезеңін аяқтады. Қазіргі таңда ол тәжірибелі бапкерлерімен туған қаласы Ақтөбеде жаттығуда.
- Алдағы жағдайға болжам жасағым келмейді. Алайда, жеңіске деген ұмтылыс бар. Мен онда жеңу үшін барам. Бұл жекпе жектің мен үшін маңызы үлкен. Өткен жолы Ингушетияда жеңіліс тапқан едім... Маған бойымды тіктеп, қарымта қайтаруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Мені ондағылар жақсы біледі, маған жанкүйер болып, қолдау көрсетуде. Жеңіс не жеңіліс болатынын тек ринг шешеді. Тек шаршы алаңда ғана қарсыластың қандай артықшылықтары бар екені түсінікті болады. Алайда мен жеңіс үшін бара жатырмын, - дейді спортшы.
Сергей дарынды спортшы ғана емес, ол сонымен қатар – жаттықтырушы. Оның тамаша нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттері бар. Өткен сұхбатта Сергей шәкірттерінің оны қанаттандыратынын айтқан болатын. Оларға үлгі бола жүріп, ол жаңа биіктерді бағындырады. Шәкірттердің өздерінің айтуынша, бапкерлерін олар екінші әкелеріндей көреді екен.
Айта кетейік, M-1 Challenge – 2008 жылдан бастап өткізіле бастаған аралас жекпе жектер бойынша турнирлердің тұтас топтамасы. Содан бері әлемнің түрлі елдерінде 75 турнир өтіп үлгерді. 2010 жылы командалық жарыстан алшақтап, чемпиондар белдігін бес салмақ дәрежесінде ойнату туралы шешім қабылданды.
Халықаралық аралас жекпе жекті қазақстандықтар Еуразия бірінші арнасынан 22 сәуір күні 23:00-де тамашалай алады.