ҚЫЗ – ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ШЫРАЙЫ
Елбасы «Қазақстан 2050» стратегиясында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» дей отырып, олардың отбасының ғана емес, мемлекеттің тірегі екеніне айрықша тоқталды. Қыз бала тәрбиесінің еліміздің стратегиясында қаралуының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Қыз бала тәрбиесі аса жауапкершілікті қажет етеді. Ұлт болашағы да бүгінгі тұлымды қыз, ертеңгі ананың тәрбиесіне байланысты.
Бір отбасының ұйытқысы болар жандардың бойында ибалық пен ізеттілік, іскерлік пен шеберлік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты«Сырлы жеңге, сұлу қыз», «Асыл әжем», «Лицей аруы» тәрізді сайыстарды, түрлі тақырыптағы сырласу сағаттарын, поэзия кештері мен кітап оқу жарыстарын ұдайы өткізіп келеді.
Биыл да дәстүрлі түрде «Лицей Аруы-2017» сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа 8-10-сыныптан 6 оқушы қатысты. Олар «Мен қазақтың қызымын», «Халқын сүйген-салтын сүйер», «Өнерлінің өрісі кең», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Қыз бала – еркем, кестесімен көркем», «Он саусағынан өнер тамған» бөлімдері бойынша сынға түсті.
Сайысқа лицей басшылығы мен мұғалімдерімен қатар Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының әртісі Алтынай Төлеуова,«Лицей Аруы-2016» байқауының жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Асыл Әбіләкім әділ қазылық жасады.
Өн бойынан ибалылық пен ізеттілік, өнерлілік пен өнегелік ерекше байқалған 10 «Б» сынып оқушысы Жаннұр Аймышева І орынды жеңіп алып, «Лицей Аруы-2017» атанды.
Сондай-ақ, өнерімен ерекшеленген 9 «А» сынып оқушысы Ботагөз Жақсылық ІІ орын, 8 «Б» сынып оқушысы Ділназ Жұмажанова ІІІ орынды иеленді.
Ал 8 «А» сынып оқушысы Мерей Төлеген Мерей «Көрермен көзайымы» атанды, мың бұрала билеген 9 «Б» сынып оқушысы Аружан Әбләзімоваға «Өнерлі ару» номинациясы бұйырды. Біліктілігін танытқан 10 «А» сынып оқушысы Әйгерім Мырзабаева «Зерделі ару» номинациясына лайық деп танылды. Ойы озық, ұлттық дәстүрлерді бойына сіңіре білген жаңа заман аруын анықтау мақсатында ұйымдастырылған сайыс өте жоғары деңгейде өтті.
Жастық пен жарасымдылықтың, сұлулық пен сымбаттың, тағылым мен танымның мерекесіне айналған байқау оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Қызды тәрбиелегеннің – бір ұрпақты тәрбиелегенің», - деген екен ата- бабамыз. Ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз.