«АЛТЫНЫМ» БАЙҚАУЫ АУЫЛДА ӨТТІ
Қазалы ауданында Ақтан батыр ауылдық клубының ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық әртісі, әнші Зейнеп Қойшыбаева атындағы «Алтыным» атты аудандық әншілер байқауы өткізілді. Байқаудың бірінші кезеңінде әнші репертуарындағы қазақтың халық әндері орындалса, екінші кезеңде қазақ композиторларының әндері шырқалды.
Үміткерлердің өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Олар талапкерлердің әнді орындау шеберлігіне, сахна мәдениетін игеру қабілетіне, киім үлгісіне баса назар аударды. Сынға түскендердің ішінен Әйтеке би кентінен қатысқан өнерпаз Рақымжан Мақсатбаев орындау шеберлігімен ерекшеленіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Жанқожа батыр ауылының намысын қорғаған Рауан Ақбергенов бірінші орынды иеленді. Екінші орынды қожабақылық Балғын Бердішева мен аудандық мәдениет орталығынан қатысқан Наурызбек Сағындық, үшінші орынды әйгерім Иманғали (Бозкөл ауылы), Ақжарқын Орын (Бекарыстан би ауылы), Әйгерім Көбекова (Кәукей ауылы) өзара бөлісті. Сондай-ақ, Тасарық ауылының өнерпазы Жансая Әмірбекке «Көрермен көзайымы», Қ.Пірімов ауылынан қатысқан Гүлнұр Ақбаеваға «Алтыным» номинациялары табыс етілді.