УНИВЕРСИАДАНЫҢ АШЫЛУЫНДА ӘН АЙТҚАН ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ ЖҰРТТЫҢ ҚОШЕМЕТІНЕ БӨЛЕНДІ
Кеше Алматыда өткен 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанатында ән айтқан Димаш Құдайбергеновті жиналған халық үлкен қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Димаш Құдайбергенов Абай атындағы Опера театрының әншісі Зарина Алтынбаевамен бірге итальян тілінде опералық арияны орындады. Олардың номері мәнерлеп сырғанаушылар мен бишілердің әдемі қойылымымен сүйемелденді. Әсіресе, скрипкашылардың өнері ерекше әсерлі болды. Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов осы күндері Қытайдың Hunan TV басты ойын-сауық телеарнасындағы «I am a Singer-2017» музыкалық шоуында бақ сынап жатыр. Ол сайыстың бірінші кезеңінде ең қиын әндердің бірі «SOS d'un terrien en détresse» композициясын, екінші кезеңде ресейлік Витастың «Опера №2» әнін орындап, қос сайыста да жеңіске жетті. Миллиардтаған халқы бар елді даусымен тамсандырған Димаштың бүгінде танымалдылығы артып, ол тіпті, Қытай көшелерінде күзетпен жүруге мәжбүр. Димаш Құдайбергенов бұған дейін талай байқаулардың, соның ішінде «Славян базары-2015» халықаралық ән додасының жеңімпазы болған.