5200 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҮЛЕК МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН ОҚУЫН ЖАЛҒАСТЫРАДЫ
Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде биыл Мәскеу және Санкт-Петербургтің маңдайалды оқу орындарында 500 сырбойылық жастың білім алуына жағдай жасалды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жастармен кездесуде айтты.
Биыл мектеп бітірген 6564 түлектің 4559-ы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Аймақ басшысы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысып, оқуды жалғастыруға ниетті балалар 100 пайыз жоғары және орта арнаулы оқу орындарына қабылданатынын жеткізді.
- Биыл мектепті аяқтап, ҰБТ-ға қатыспаған 2 мыңға тарта бала бар, осы жастар 100 пайыз тізімге алынып, әр қайсысының жағдайы мен жоспары жеке қаралуы тиіс. Барлығы да оқумен, бірінші мамандық алу мүмкіндігімен қамтылады. Оған толық мүмкіндік бар, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік гранттары, "Серпін” бағдарламасы, Мәскеу мен Санк-Петербургтің маңдайалды оқу орындарына жол ашқан Ресей үкіметінің оқу гранттары, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған облыс әкімінің оқу гранттары бар. Биыл бұл гранттар 135 орынға көбейіп, 500-ге жетті. Сонымен қатар, осы жылы облыстағы орта және арнаулы кәсіби оқу орындарына арналған мемлекеттік тапсырыс 300 орынға көбейген. Осылайша облыс есебінен жыл сайын бірінші мамандықты тегін алатын бала саны 3 мыңнан асты. Барлығын қоса есептегенде, 5200-ден аса қызылордалық жастың жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында мемлекеттік грант есебінен оқуға мүмкіндік алмақ.