ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Достық үйінде» облыс жастарымен еркін кездесу өткізді. Бұл аймақ басшысының жастар, блогерлер және әлеуметтік желілердің белсенді қолданушыларымен өткізген бірінші кездесуі емес. 3 сағатқа созылған бейресми басқосуда жиналғандар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, көпті толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Алдымен аймақ басшысы бұған дейінгі өткен кездесуде жастар тарапынан көтерілген проблемалардың шешілуі, берілген тапсырмалардың орындалуы туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, «Сыр – Алаштың анасы» экспедициясын ұйымдастыру, стритбол алаңдар салу, Қызылордада Батырхан Шүкеновке арналған ескерткіш белгісінің эскиздік жобасын әзірлеу үшін конкурс өткізу және «Жастар фестивалін» ұйымдастыру сияқты мәселелерге қолдау сұраған болатын. Қырымбек Елеуұлы аталған ұсыныстар қолдау тауып, тиісті жұмыстар атқарылып жатырғандығын айтты.
- Біз өз тарапымыздан жастар саясатына жаңа мазмұн, жаңа форма әкелуіміз керек. Елдегі жастардың да, саяси-қоғамдық ұйымдардың жекелеген мәселеге түрлі көзқарасы болуы мүмкін, бірақ елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс. Ауылдың да, қаланың да жастарымен белсенді жұмыс істеп, оқитынына бағыт беріп, оқымайтынына оқуға жағдай жасап, жұмысқа орналастыруға немесе кәсіп ашуға көмек көрсетілуі қажет, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Жерге, суға қатысты, жол жөндеу және басқа да мәселелер мен жастардың проблемаларын айтуда кездесуге келгендер жасқанып қалған жоқ. Басқосуға 80-ге жуық адам қатысып, оның 20-сы облыс әкіміне сұрақтарын қойып, жауабын алды.
Қырымбек Елеуұлы кездесуде айтылған жастардың ұсыныстары, жастар ұйымдарының жобалары қаралып, ұсыныстар дайындауды тиісті басқармаларға тапсырды.
Еркін форматта ұйымдастырылған кездесу болғандықтан жастар ұсыныс айтып, аймақ басшысымен бірге ән шырқады.
Жастардың өтініші бойынша, облыстағы жас құрылысшылар жасағының мүшелері үшін аймақтағы құрылыс нысандарынан 516 жұмыс орындары дайын екендігі хабарланды. Ал оқуға ниетті жастарға 5200-ден аса мемлекеттік оқу гранттары бар.