ҚЫЗЫЛОРДА МЕН ҚАРАҒАНДЫ ӨҢІРАРАЛЫҚ КООПЕРАЦИЯНЫ ДАМЫТПАҚ
Бүгін Қызылорда мен Қарағанды облыстарының әкімдері өңіраралық кооперацияны дамытуға байланысты меморандумға қол қойды.
Мақсат екі облыс арасында экономикалық-мәдени байланысты нығайту, өз-ара тәжірибе алмасу, өздерінде өндірілетін өнімдерді ұсынып, импорттың үлесін тө¬мендету болып табылады. Әрине, сапалы өнімге қай кезде де сұраныс бар. Ал оған қойылған баға түпкілікті тұтынушының қалтасына қолайлы тисе, бұл екі арадағы дәнекерлік істің оң нәтижесі.
Қонақтар Қызылорда облысы әкімдігінде орналасқан Ахуалды орталық қызметінің жұмысын көрді. Жобаның мақсаты – Қызылорда облысы әкімдігі қызметінің тиімділігін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы арттыру. Атап айтқанда, орталық макроэкономикалық көрсеткіштерді болжамдау, әлеуметтік-экономикалық даму барысын мониторингтеу, талдау және болжау, қауіпсіздікті бағалау және экономика, қаржы, демография, өнеркәсіп, ақпарат және басқа да салалардағы тәуекелдерді басқару, қоғамдық-саяси ахуалды талдау жұмыстарымен айналысады.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес өңіраралық серіктестікті дамыту қажет. Біздің қарағандылықтардан үйренетін нәрселеріміз бар. Біріншіден, Қарағанды облысында металлургия өндірісі жақсы дамыған. Бізде оны қолға алып жатырмыз. Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздік қамтамасыз ету. Біз жақында буферлік аймақтан шықтық. Ет өңдеу, көкөніс өсіру бойынша қарағандылықтармен тәжірибе алмасуға болады, - деді Қ.Көшербаев.
– Соңғы 3 жылда Қызылорда облысында даму диномикасы өте жоғары. Сондықтан біз осы жоғары даму қарқынының себебін білу үшін келдік. Өзара әріптестікке дайынбыз, - деді Н.Әбдібеков.
Қарағанды облысының әкімі Сыр өңіріне сапары барысында Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенін және Байқоңырдағы ғарышкерлер мұражайын аралап көрді.
Сондай-ақ аймақтың тарихымен танысу мақсатында Қызылорда қаласындағы облыстық-өлкетану мұражайына ат басын бұрды. Мұнан соң «Арай» сауықтыру кешенінің жұмысын көріп, «Жан-Арай» агроиндустриалды кешенінде болды. Өндіріс орнында тәулігіне 80 тонна құрама жем және 150 тонна күріш өңдейтін зауыт бар. Кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері бар. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтарын құрама жем шығаруға пайдаланады. Сонымен қатар, «Жан Арай» шаруа қожалығына осыдан бір ай бұрын 3 мың дана жұмыртқа әкелініп, қазір 2600-дей балапан шығарылды. Оның 660-ға жуығы қаздың балапаны, қалғаны үйректер.
Қол қойылған келісім негізінде енді екі өңір алыс-берісті нығайтып, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар тәжірибе алмасып, тығыз байланыста жұмыс жасайтын болады. Айта кетейік, қарағандылық делегаттар сапарларының екінші күні облыстық малшылар слетіне қатысады.