ЖЕР РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ЕКІНШІ ОТЫРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ
Бүгін Астанада жер реформасы бойынша республикалық комиссияның екінші отырысы болып өтті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев жетекшілік еткен отырыста комиссия құрамының ішінен құрылған Қоғамдық комиссияның жұмысы төрт топқа бөлінген. Олар - экономикалық, құқықтық, ақпараттық түсіндіру және комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету топтары.
Комиссия отырысында Экономикалық бағыттағы жұмысшы тобының жетекшілігіне С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Құқықтық заңнамалық топтың жетекшілігіне қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан, Ақпараттық түсіндіру тобының жетекшісі Мұрат Әбенов тағайындалды. Ал комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі топтың жетекшілігіне саясаттанушы Дос Көшім сайланды.
Алдағы уақытта, нақты айтқанда маусым айынан бастап комиссия мүшелері өңірлерге сапарға шықпақ. Бұл ретте комиссия мүшелері жергілікті әкімдіктер жанына құрылған қоғамдық кеңестермен бірлесе жұмыс істеп, қоғамның көкейіндегі түйткілді мәселелерді жан-жақты талқылайтын болады.
Республикалық комиссияның екінші отырысында комиссия төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қазақстандықтарға жалға да, сатуға да берілуі керек. Өйткені, бір азаматымыздың жерді сатып алуға ақшасы бар, екіншісінде ондай қаражат жоқ», — деп мәлім етті. Ал комиссия мүшесі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев: «Басты мәселе — тәртіпте. Комиссия қабылдаған шешім ел үшін табысты болуы керек. Тәртіп ашық, адал, нақты болуы керек деп санаймын», – деді.
Бүгінгі отырыста негізгі айтылған мәселе жер сатылмасын деген ұсыныс. Екіншіден, сатылса қалай сатылады деген ұсыныс айтылды. Осы төңіректе ой-пікірлер айтылды.
Комиссия төрағасы Б.Сағынтаев ұсыныстардың барлығы бүгін құрылған жұмыс топтарында жүйелі түрде талқыланады», — деді.
«Келесі отырыста біз жерді шетелдіктерге жалға береміз бе, бермейміз бе, соны талқылайтын боламыз. Содан кейін, осы үлкен екі тақырып айтылып, талқыланып біткеннен соң халыққа шығатын шығармыз, ол үшін де өзіміздің позициямыз, ұсынысымыз болуы керек. Ондай ұсыныс болмаса жай халыққа бару қисынсыз, олар да бізден ұсыныс күтіп отыр», – деді комиссия төрағасы.
Жер туралы республикалық комиссияның кезекті отырысы келесі сенбіге белгіленді.