ЖАҢАҚОРҒАНДА 150 ОРЫНДЫҚ АУЫЛДЫҚ КЛУБ АШЫЛДЫ
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен аймақ басшысы Жаңақорған ауданы Талап ауылдық округіндегі 150 орындық жаңа клубтың ашылу салтанатына қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
Клуб құрылысы өткен жылы басталды. Көрермендер залы, сахна, кітапхана, ардагерлер мен түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер заманауи талапта жабдықталған.
– Ауылда еңселі ғимараттардың қатары артып келеді. Ауыз мәселесі толық шешілген. Енді алдағы жылдары газ тартылады. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғандығының белгісі. Мұның барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен халықтың жұдырықтай жұмыла білгендігінің арқасы, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Мұнан соң өңір басшысы «Тау самалы» лагерінің жұмысымен танысты. Қазір мұнда ауданның мектеп бітіруші түлектері ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Облыс әкімі аудан мұғалімдері мен түлектермен кездесті. Сынаққа дайындықтарын тексеріп, оқушылардың көкейлеріндегі сауалдарына жауап берді.
Биыл Жаңақорғанда 914 оқушы мектеп бітіреді. Сынаққа сапалы дайындалу мақсатында ауданның барлық оқушысы «Тау самалы» лагерінде арнайы дәріс алды. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 39 млн. теңге қаржы бөлінген. Дайындық курстарын Алматы, Қызылорданың білікті ұстаздары өткізуде. Аймақ басшысы оқушылардың алдағы сынақты сәтті тапсыруларына тілектестігін білдіріп, сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға кеңес берді.