ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫНА КӨШУ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ж. Жонтаеваның қатысуымен Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес білім беру реформаларының негізгі бағыттары бойынша ақпараттық түсіндіру және жүзеге асырылуы бойынша пресс-конференция өткізілді.
2016 жылдың 25 сәуірі күні ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің брифингі өткізілген болатын. Брифингте 2016-2017 оқу жылынан бастап мектептерде оқушылардың функционалдық сауаттылығына негізделген білім берудің жаңа моделіне көшетіндігі және алдағы 4 жылда осы жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп болатындығы туралы айтылды. Бүгінгі күні бастауыш білім берудің, негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілді. Е. Сағадиевтің халық алдындағы есебінен кейін еліміздің барлық аймақтарында министрліктің өкілдерінің қатысуымен білім реформасының жүзеге асырылуы жөнінде педагог мамандар мен халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ж. Жонтаеваның облысқа іс-сапарының мақсаты да «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының білім бағдарламаларын жүзеге асыратын 76,77,79-қадамдары бойынша жаңартылған білім беру мазмұнына көшу барысындағы қадамдарды толыққанды түсіндіру болып табылады. Бұл ретте, пресс-конференцияда төмендегі білім бағдарламалары түсіндірілді:
-мектептердің 2019-2020 оқу жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне толық көшіп болуы; еліміздегі 1-сыныпқа қабылданатын балалардың жаңартылған мазмұндағы білім беру стандарты бойынша оқуға көшуі;
-5 күндік оқу аптасына көшуге байланысты оқу жылының ұзақтығы; жаңадан «робототехника» пәнінің енгізілуі;
-білім беруде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу;
-жаратылыстану бағытындағы пәндердің ағылшын тілінде оқытылуы; «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде, «Жалпы тарих» орыс тілінде оқытуға көшу.
Сонымен қатар, Ж. Жонтаеваның қатысуымен білім басқармасы, облыстағы барлық мектеп директорлары, білім бөлімдерінің басшылары, эксперименттік мектеп мұғалімдері, университет басшылары мен ғалымдары, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мамандарының қатысуымен Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында білім саласын дамыту мақсатында берілген тапсырмалары бойынша еліміздің білім беру саласында алдағы жаңалықтары жөнінде түсіндіріліп, өңіріміздің мектеп тәжірибесінде іске асырылуы туралы мәжіліс өткізілетін болады. Бұл мәжіліске жалпы 400 адам қатысады деп күтілуде.