ОБЛЫС ӘКІМДІГІ МЕН ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Өңірдің ауылшаруашылығын бірлесіп дамыту мақсатында Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті ректоры Тілектес Есполов пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев меморандумға қол қойды. Осы келісім негізінде аталмыш оқу орнының ғалымдары облысымыздың барлық аудандарындағы ауылшаруашылық жерлерінің мүмкіндігін зерделеп, өнім өндіру көлемін арттыруды қолға алмақ.
Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев бүгінгі дағдарыс уақытында өнеркәсіпті әртараптандыру қажеттігін, оның ішінде ауылшаруашылық саласын қарқынды дамытуды қолға алу қажеттігін айтып өтті. Осы мақсат аясында аймақтың ауылшаруашылық саласын жаңаша жандандыру үшін Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті дем бермек. Облыстағы шаруалардың біліктілігін арттырып, өнім өндіру көлемін өсіруге енді осы оқу орнының ғалымдары күш салатын болады.
- Біз егін шаруашылығын әртараптындыруды қолға алып отырмыз. Ол бүгінгі күннің талабы. Осы ойымызды жүзеге асыру үшін бізге ғалымдардың көмегі қажет. Екіжақты меморандум аясында жүзеге асырылатын жұмыстар жемісін береді деп сенеміз. Айта кету керек, ауылшаруашылығын дамытып, өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін мықты мамандар қажет. Осы орайда еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алу үшін облыс әкімінің грантын тағайындап келеміз. Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінде білім алып жатқан 238 сырбойылық студенттің 60-сы облыс әкімінің білім гранттары негізінде оқып жатыр, - дейді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Меморандум негізінде Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінен келген ғалымдар жоғары сапалы және жоғарғы сортты ауыл шаруашылығы дақылдарын ендіру, ауылшаруашылығы малдарын жедел өсіретін биотехнологиялық әдістерді дамытатын болады. Оған қоса мемлекеттік-жеке әріптестік аясында агроөнеркәсіп субьектілеріне білім беру жүйесін дамыту, кадрлар қорының әлеуетін көтеру бүгінгі келісім аясында жүзеге асады.
- Мемлекет басшысының отандық ауыл шаруашылығы саласының алдына қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін ғылым, білім және өндіріс тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы қажет. Бүгінгі біздің іс-сапарымыздың негізі мақсаты– Қазақстанның аграрлық саласындағы ғылым, білім ұжымдарында қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен облыстың ауылшаруашылық құрылымдарында қызмет атқарып жүрген кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс орнату. Осы салада шешімін таппаған мәселелерді жан-жақты зерттеп және оны дамытудың негізгі бағыттары бойынша ғылыми тәжірибелік көмек көрсету, - дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов.
Университет ғалымдары өңірлердегі ауылшаруашылық жерлерін құнарландыруды да қолға алмақшы. Ғалымдардан оқып үйренгендерін шаруалар мен ауылшаруашылығының мамандары өз мақсаттарына қолданып, өз жерлерін күтіп-баптаудың қыр-сырына да қанығады.