ИНВЕСТФОРУМ НӘТИЖЕСІНДЕ ОБЛЫСҚА 100 МЛРД. ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Қызылорда облысында осыған дейін өткізілген 6 инвестициялық форум нәтижесінде өңір экономикасына 100 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының Сыр өңірінде іске асу барысына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қызылорда облысында инвесторларды тарту мақсатында дәстүрлі түрде жылына екі рет «Байқоңыр-Инвест» форумы өткізіліп келеді.
- Бұл – пікір алмасуға зор мүмкіндік алаңы. Инвесторларға аймақтың мүмкіндіктерін көрсету мақсатында осы кезге дейін 6 инвестициялық форум өткіздік. Онда барлығы 70-ке жуық меморандум мен келісімдерге қол қойылды. Нәтижесінде 3,5 жылда өңір экономикасына 100 млрд. теңге тікелей инвестиция тартылды. Әрине, аз қаржы емес. Бірақ әлі де жұмыс қарқынын күшейтуіміз қажет, - деді өңір басшысы.
Дәстүр бойынша биылда бұл форум 2 рет өткізіледі. Кезекті 7-ші «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы алдағы 28-29 мамырға жоспарланған. Қазірдің өзінде оған Ресей, Венгрия, АҚШ, Корея, Польша, Германия, Италия, Ұлыбритания, Түркия, БАӘ, Филиппин, Иран Ислам Республикасынан инвесторлар қатысуға ниетті. Сонымен қатар орталық атқарушы органдардың, қаржы институттары мен бизнес өкілдері қатысады.