ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ
«Сыр Медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында Қызылорда қаласында қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру мәселелері жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.
Айта кетейік, кеше қоғамдық көлік жүргізушілері белгіленген шамадан тыс жолаушы алып жүруге рұсат беруді, жолақыны көтеруді талап етіп, бас көтерген болатын. Баспасөз мәслихатында осы және жолаушылар тасымалындағы түйткілдер кеңінен қамтылды.
Бүгінде қала халқына 2013 жылғы конкурс нәтижесімен жеңімпаз деп танылған «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қызмет көрсетіп келеді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марсбек Молдабаев екіжақты келісімшартта интервал сақтау, билеттік жүйені қолданысқа енгізу, қаланы үлкен сыйымдылықтағы автобустармен қамтамасыз ету сияқты талаптар қарастырылғанын атап өтті. Дегенмен, сол талаптар әлі күнге күн тәртібінен түскен емес. Есесіне, автобус жүргізушілері ескі әдетпен жолаушыларды артығымен алып жүруге рұқсат етуді, тәртіп сақшыларының соған бола тоқтатпағанын және жолақысының жоғарылағанын қалайды. Алдыңғы екеуі, әлбетте, заңға мүлдем сәйкес келмейді.
- Қазіргі күні қоғамдық көліктердің бригадирлері, жүргізушілері арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ал жолақы жайына келсек, 2012 жылы жергілікті мәслихат сессиясында жолақы үлкендерге – 50, оқушыларға 20 теңге боп бекітілген-ді. Оны көтеру жөнінде ұсыныстар түскені рас. Жан-жақты зерттеп, есебін жүргізіп, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жолдадық. Бұл мәселе енді қалалық мәслихат сессиясында қаралып, қорытындысымен ғана өзгеріс енгізілуі мүмкін, - деді Марсбек Молдабаев.
Облыс орталығында маршрут мәселесі қашаннан өзекті. Қызылорда ҚІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Шүкіров биылдыққа тұрғындар тарапынан жүргізушілердің жол ережесін бұзғаны жөнінде 31 хабарлама түскенін тілге тиек етті.
- Құқықбұзушылықтар арасында көлікке қолдан орындық жасап қою, жол үстінде телефонмен сөйлесу, қауіпсіздік белдігін тақпау, аялдамаға тоқтамау, бағдаршам мен жол белгілеріне бағынбау деректері жиі кездеседі. Есепті кезеңде 296 қоғамдық көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 1 млн. 817 мың теңгеден астам айыппұл салынды, - деді ол.
22 ұялы телефон ұрлығы да адамды аузы-мұрына дейін толтырып алатын маршруттарда болған. Оның әзірге тек 6-уы ашылды. Баспасөз мәслихатында халықтың арыз-шағымы азаймағанын «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Әнуар Нақып та нақтылады. Оның айтуынша, қалада автобус қатынамайтын көшелер әлі де көп. Халықтың тығыздығына қарай негізі 450-500-дей қоғамдық көлік жүріп-тұруы тиіс. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл автобус паркін тағы 92 автобуспен толықтыру күтіліп отыр.
Қала әкімінің орынбасары Айдын Қайруллаев тұрғындар қандай да бір заң не құқықбұзушылық туралы көрген-білген жағдайда немесе жолаушылар тасымалына қатысты мәселе бойынша тиісті орындарға хабраласа алатынын жеткізді. Атап өту керек, бұл мақсатта «Қызылорда автобус паркі» ЖШС 8 771 422 15 48, ал ОІІД 8 776 898 01 02 нөмірлі ватсап желісі арқылы арыз-шағымдар қабылдайды.
Назерке САНИЯЗОВА