ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ 21 БАТЫР АНА «АЛТЫН АЛҚА» АЛДЫ
Қызылорда облысында 17856 батыр ана бар. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында олардың қатарына 40 ана қосылды. Мерекеге орай өткен салтанатты шарада аймақ басшысы Қ.Көшербаев 21 «алтын құрсақты» анаға «Алтын алқа» тақса, 19 анаға «Күміс алқа» тапсырды.
- Біздің аналар мен арулар тек отбасының ғана ұйытқысы емес, олар бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын аса қуатты қозғаушы күш. Сыр елінің сан-салалы әлеуметтік-экономикалық өмірі мен мемлекеттік саясатының барлық саласында белсенді қызмет етіп жүрген әйелдер соның айғағы. Қазақстанның бүгінгі толайым табыстары, Сыр елі жеткен жеңістердің барлығында әйелдер қауымының қолтаңбасы бар. Олай болса, бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы болып отырған барша қыз-келіншектерге, апа-қарындастарымызға, аяулы аналарымызға шынайы ризашылық білдіреміз. Өмірдің нәрін де, әрін де келтіріп отырған Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз, жақсылықтан басқа тілеріміз жоқ, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ, 11 жасар Аружан Бисенбаева облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Айта кетейік, Аружан 11 ақпан күні өрттен өзінің үш бауырын құтқарып алған болатын. Ол осы ерлігі үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Салтанатты шара әсем әуен мен мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасты. Бұл күні көрсетілген құрметтің барлығы нәзікжандыларға арналды.
Айта кетейік, осы күні түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген аналар мен қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қыз-келіншектермен облыс әкімі арнайы кездесіп, құрмет көрсетті.