ҚАМБАШ КӨЛІНДЕ ТҮЛЕКТЕР ҰБТ-ға ДАЙЫНДАЛУДА
Арал ауданындағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы жыл он екі ай жұмыс жасайды. Жазды күндері оқушылар тынықса, қыс мезгілдерінде мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестке дайындалады. Бұл тәжірибенің енгізілгеніне екі жыл болды. Биылғы оқу жылының өзінде 500-ден астам жеткіншек осында білімдерін жетілдірді. Нәтижесі де жаман емес. Қазіргі таңда орталықта 75 оқушы сынаққа қызу дайындалуда. Түлектердің жағдайымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы барып танысып, оқушылармен тілдесті.
– Бұл жерге оқушылар облыстың әр ауданынан келеді. 10 күн сынаққа дайындалады. Дайындықты бастамас бұрын алдымен сынама тест тапсырады. Біздің білікті ұстаздардан білім алғаннан кейін, яғни дайындық мерзімі аяқталғанда дәл осындай сынақтан тағы өтеді. 10 күн аз мерзім болғанымен балалар осы аралықтың өзінде 10-15 баллға дейін көрсеткіштерін жақсартып жатыр, - дейді «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығының директоры Гүлмира Тәжеди.
Мұнда мектеп бітіруші түлектер тек сабақ оқып қана қоймайды. Түрлі үйірмелерге қатысып, спортпен шұғылдануға жағдай жасалған.
– Бұл сіздерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Осындай жағдай жасалып тұрған кезде сынаққа жақсылап дайындалыңыздар. Алдарыңызға биік мақсат қойсаңыздар еңселеріңіз де биік жүреді. Облыста қосымша білім беру орталықтарын ашу арқылы өткен жылы ұлттық бірыңғай тесттегі көрсеткішті жақсарттық. Республикада үздік 5 аймақтың қатарынан көріндік. Биылғы нәтиженің жақсы болуы Сіздердің тыңғылықты дайындықтарыңызға байланысты болмақ, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Айта кетейік, мұнда емдеу-сауықтыру үшін заманауи үлгіде барлық жағдай жасалған. Жылдық келіп-кететіндер саны 2000 оқушыны құрайды.