МӘЖIЛIСТЕ «АҚПАРАТТАНДЫРУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ЖАҢА РЕДАКЦИЯСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Кеше ҚР Парламентi Мәжiлiсi Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң отырысында «Ақпараттандыру туралы» заң жобасының жаңа редакциясы таныстырылды.
Заң жобасы «Электронды үкiмет» құрылымының құқықтық базасын қалыптастыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ) нарығын дамытуды мемлекеттiк қолдау, мемлекеттiк органдар қызметiнiң бизнес пен халық үшiн қолжетiмдiлiгi мен ашықтығын, ақпараттық қоғамға өту шарттарын жасау және АКТ саласындағы қауiпсiздiктi құқықтық реттеу мақсатында әзiрленген. «Заң жобасы «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттiк бағдарламасында көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткiзу мақсатында әзірленген. 2017 жылы АКТ секторының ЖIӨ-дегi үлесi 3,8%-ға жетеді. 2017 жылы меншiктi лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуге, меншiктi ақпараттық жүйелердi сатып алуға мемлекеттiк органдардың шығыны 40%-ға қысқарады. Мемлекеттiк органдардың меншiктi дата-орталықтары, серверлiк бөлмелерiнiң саны 80%-ға қысқарады», - дедi заң жобасын депутаттарға таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрi Асқар Жұмағалиев.
Бүгiн таныстырылған «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне ақпараттандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» iлеспе заң жобасы ҚР 6 кодексiне, 19 заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi қарастырады. Сонымен қатар, 47-ге жуық заңға қосымша нормативтiк-құқықтық актiлер әзiрлеу көзделген.