СЫР ЕЛІ ЕЛОРДАҒА 400 ТОННАДАН АСА ӨНІМ ӘКЕЛДІ
Құрамында 150-ге жуық қызылордалық өнерпаздар Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тойға аттанды.
Облыс өнерпаздары мерейтой шаралар аясында өтетін «Сиқырлы би әлемі» атты би фестиваліне, «Ғасырлар үні» атты этно-концертке және гала-концертке қатысады. Сонымен қатар, қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы шеңберінде «Думан» ойын-сауық орталығы алдында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі.
Сыр елінен жәрмеңкеге жалпы соммасы 71709, 9 мың теңгені құрайтын 424, 19 тонна өнім әкелінді. Жәрмеңкеде аймақтың брендіне айналған Сыр маржанынан бастап жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт және тағы да басқа 37 түрлі өнім нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен сатылады.
Сыр өңірінен айтулы шараға 20 делегат қатысады. Облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы бастап келген делегация құрамында сала басшылары, кәсіпкерлер, ардагерлер, оқу орындары мен ҮЕҰ басшылары, ғалымдар және БАҚ жетекшілері бар.