А.АЙЫМБЕТОВ МІНГЕН ҒАРЫШ КАПСУЛАСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛІП ҚОНАДЫ
Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов Twitter парақшасы арқылы тағы да байланысқа шықты. Ол жұмадан сенбіге қараған түні экспедиция мүшелері мінген ғарыш капсуласы Халықаралық ғарыш бекетінен ажырап, есіктердің жабылатыны туралы хабарлаған. Ғарышкер ғаламтордағы әлеуметтік желіні тұрақты қолданып тұрады. Осыған дейін Астана мен Каспий теңізін ғарыштан түсіріп, суреттері мен өзінің күн тәртібін жариялаған болатын. Арасында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатысты да ойын білдірді.
Айта кетейік, Айдын Айымбетов пен Ресей ғарышкері Геннадий Падалка және дат ғарышкері Андреас Могенсен Жерге 12 қыркүйек күні оралады. Ғарыш капсуласы Астана уақыты бойынша сағат 06:52-де Қарағанды облысына келіп қонады.