ЕЛІМІЗДІҢ БАСЫМ АУМАҒЫНДА ЖАУЫН ЖАУЫП, ЖЕЛ КҮШЕЙЕДІ
Қазақстанның басым аумағында күн райы құбылмалы болады, атмосфералық ағымдардың өтуінен кей жерлерде жауын жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ жаууы мүмкін, жел күшейеді. Тек республиканың батысы мен шығысында күн ашық болады.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Ақмола, Қарағанды, күндіз Жамбыл облыстарында кей жерлерде 15-22 м/с жылдамдықпен жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, түнде Маңғыстау, күндіз Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан өңірлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ке дейін барады. Солтүстік Қазақстан облысында кей бөліктерде түнде және таңертең тұман түседі, күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Түнде Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде 1-3 градус үсік жүреді. Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде төтенше өрт қаупі сақталады.