АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ БАЙҚОҢЫРДАҒЫ ҒАРЫШКЕРЛЕР АЛЛЕЯСЫНДА АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ
«Жер кіндігі» аталып кеткен Байқоңырда бүгін ғарышкерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. Ғарыш сапары алдында дәстүрге айналған ағаш отырғызу, сұхбат беру, естелікке суретке түсу шарасы өтті. Алдымен ғарышкерлер аллеясына беттеген СОЮЗ ТМА 18 кемесінің экипаж мүшелері күрек алып, ағаш отырғызды. Қазір бұл аллеяда Юрий Гагариннен бастап 2 қыркүйекте көкке көтерілгелі отырған Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков пен Андреас Могенсеннің де қолтаңбалары бар. Ғарышкерлер журналистерге ғарышқа бірге ала баратын құжаттарын таныстырды. Бос уақыттарын текке өткізбейтін олар спортқа келгенде де осал емес. Тастаяқтан, сосын дойбы мен шахматтан шеберлік шыңдаған әуе кемесінің мүшелері физикалық күштерін де байқап көрді. Қазір күн-түн демей олармен арнайы нұсқаушылар жұмыс жасауда. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық Айдын Айымбетов әуе кемесінде екінші борт инженері қызметін атқарып, ғарышта ғылыми жұмыстар жүргізетін болады.
- Маған осындай үлкен сенім артып жатқандарыңызға алғыс білдіремін және сенімдеріңізді ақтауға бар күш-жігерімді саламын. Қазақ елінің ғарыш саласындағы жетістіктері үшін қуаныштымын. Менің ойымша, бұл сапар отандық ғылымға үлкен серпіліс беріп, одан әрі дамуына үлес қосады, - деді ғарышкер Айдын Айымбетов.