ҚАУІПСІЗДІК ХАТШЫЛАРЫНЫҢ КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУІ
14 сәуірде Мәскеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 10-шы кездесуі болып өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл таныту саласындағы көп қырлы ынтымақтастық мәселелерін талқылау болды. Делегация басшыларының сөздерінен бөлек, ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымы басшысының 2014 жылдың екінші жартысындағы атқарылған жұмыс пен 2015 жылдың алғашқы жартысында атқарылатын жұмыс туралы баяндамасы тыңдалды. Сөз сөйлегендер өз мемлекеттеріндегі тиісті органдар ШЫҰ шеңберінде және ұлттық деңгейде қабылдап жатқан шаралар, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымымен, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыспен, киберқылмыспен, кибертерроризммен күрес туралы хабарлады. Қазақстан делегациясының басшысы, Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев өзінің сөзінде әріптестерін ШЫҰ-ны 2025 жылға дейінгі дамыту стратегиясының жобасын келісуді жеделдетуге шақырып, басты назарды діни экстремизм мен терроризм, әсіресе, жастар арасындағы экстремистік көзқарастар мен идеяларға қарсы тұрғыда қазіргіден де тығыз өзара іс-қимыл танытуға аударуға үндеді. Сондай-ақ, есірткі бизнесімен күрес саласында өзара іс-қимылды жетілдіру қажеттігін атап көрсетті. Н.Ермекбаев Қазақстанда биылғы жылдың маусым айына жоспарланып отырған ШЫҰ-ға мүше елдер құтқарушылар қызметінің халықаралық оқу-жаттығулары төтенше жағдайлар жүйесін нығайтып, азаматтық қорғау саласын бекітуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді. Қауіпсіздік кеңес хатшылары Мәскеу кездесулерінің ерекшелігі оның пленарлық отырысына ШЫҰ жанындағы байқаушы мемлекеттер – Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістан елдерінің осындай құрылымдары басшыларын шақыру болды. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары бойынша үнқатысуға жоғарыда аталған елдер өкілдерін тартуды есепке ала келгенде, осындай тәжірибені болашақта да жалғастыру ұтымдылық әкелетіні туралы пікірлер білдірілді. Бір күн бұрын аталған мәжіліске қатысушылар делегациясының басшыларын Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қабылдаған болатын. Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесу алаңдарында Н.Ермекбаевтың ауғанстандық, қырғызстандық, ресейлік және тәжікстандық әріптестерімен екі жақты консультациялар алмасулары өтті.