Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Astana Club пленарлық отырысы басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордада Astana Club пленарлық отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11-12 қараша күндері «Назарбаев Орталығында» әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын қосатын Astana Club бесінші отырысы өтуде. Мерейтойлық отырыс тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталады. Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі мәселелері арқау болмақ.
Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысады. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Нобель сыйлығының лауреаты бар.
Форумға қатысатын сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, АҚШ, Испания, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Аустрия, Норвегия, Қытай, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Португалия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангладеш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлыбритания, Пәкістан елдері бар.
«Астана клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сай өтеді. Бұл дегеніміз талқылау жабық сипатта өтеді және Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді.