Бай адамның баласына қалдырған өсиеті
Күндердің күнінде өте дәулетті мұсылман кісі баласын шақырып:
— Балам, бір күні мен де бұл өмірден өтемін. Сол уақытта маған ақ кебін кигізерде екі аяғыма шұлықты қоса кигізіңдер. Бұл – менің дүние салғаннан кейінгі саған айтар соңғы өтінішім. Сосын мына хатты жадыңда сақта бірақ мен өткеннен кейін ғана ашып оқы! — дейді. Баласы әкесін үнсіз тыңдап, мақұлдайды.
Содан бірнеше жылдар өтіп, әкесі дүние салады. Оған жаназа оқу үшін жергілікті мешіттің имамы келіп алдымен жуындырып, сосын ақ кебін кигізеді. Сол уақытта баласы имамға келіп:
— Әкем маған өмірден өтер алдында екі аяғына шұлық кигізіп көмуді өтініп еді. Сол өтінішін орындайын деп едім, — дейді. Имам қарсы болып, исламда бұлай жасауға болмайтынын айтады. Ақыры әкесі шұлықсыз жер қойнауына табысталады. Бала үйіне келіп әкесінің қалдырған хатын алып оқиды.Онда:
— Балам, мына хаттың мазмұны саған өмірлік сабақ болар деп ойлаймын. Мені имам шұлықпен жерлеуге болмайтынын айтқан болар. Расында ол дұрыс айтады. Мен өмір бойы қанша дүние жинап, дәулетті кісі атанғаныммен, Алланың алдына бір шұлық алып кете алмадым. Осылайша мен саған мал-мүліктің екі дүние бақытына жеткізбейтінін және ол өмірдің мәні еместігін түсіндіргім келді, — деп жазылған екен.