Тыныштық
Бұрынғы қазақ бір-бірін көргенде: «Тыныштық па?» – деп сұраушы еді. Қазіргі қазақ бір-бірін көргенде: «Не жаңалық?» – деп сұрайды. «Ешқандай жаңалық жоқ», – десең, біртүрлі көңілі толмай, ананы-мынаны сұрап, сыр тартып, тіпті ештеңе айтпай қойсаң, ренжіп қалатыны тағы бар. Сонда қазіргі қазақ «жаңалық» сұрағанда нені күтеді? «Жаңалықтың» астарында не жатыр? Ол «жаңалықтың» тасасына жасырынған нәрсені табу онша қиын емес: ішкі руханияты бар адам оны бірден түсінеді, бірден айыра алады. Ол – ішкі рухани кеңістіктің қаңырап бос қалғандығының белгісі: ішкі бостықты ондай адам сыртқы нәрселермен толтырғысы келеді.
Солай жан-дүниенің адам төзбес бостығын іші бос, аузында сөз тұрмайтын тағы біреудің желбуаз әңгімесімен толтырғысы келеді. Осының бәрі, әлбетте, ішкі тыныштықтың жоқтығы. Тыныштық бізді адам болмысының тереңіне қарай бастайды. Адам көңіл тыныштығына жетіп, өзімен-өзі қалғанда жаратылған бүкіл әлемді ой елегінен өткізіп, шығармашылыққа қарай қадам басады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Қашан Алла Тағала жүректеріңе орнықпайынша, тыныштық таба алмай-сыңдар», – деген ой айтылады. Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы жүрекке орнығуы – адамға тыныштық сыйлайды: адамға дүниенің сыры ашылып, бәрінің өткінші, бәрінің баянсыз екеніне ден қояды. Құдайын танып тыныштыққа жеткен адам өзі де жаратушыға айналады. Енді ол жарата бастайды: айырмасы Алла Тағала жоқтан бар жаратса, ол бардан барды шығара бастайды. Бәлкім, шығарма-шылық деп біз осыны айтармыз.
Шығармашылық жоқ жерде адам тұтынушыға айналады. Өсімдіктер, жанды, жансыз бәрі бір-бірінен туындап, өсіп-өніп жататыны сықылды, адам өмірі үздіксіз дамудан, үздіксіз Құдай Тағаланың құдіретін паш етіп, Құдай Тағаланың құдіретін көрсетіп, көзге түсіруден тұрады. Қазақтың әулиесі Мәшһүр Жүсіп: «Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді», – дейді. Сол себепті шығармашылық жоқ жерде адам желді күнгі көтерілген шаң тозаңдай ауаға сіңіп, кезіп жүрген бос сөздермен қоректенеді, сөйтіп рухтың шын қорегін бермей, рухани азғындыққа душар болады.
Тыныштыққа жету үшін тіпті де бес-алты дипломыңның бар болуы шарт емес. «Жантыныштықтың қадірін толғатып бала тапқан біледі» дейді қазақ даналығы. Босану – бойға біткен ауырлықтан арылу – оңай шаруа болмаса керек. Бұрын үлкендер: адамның ішінен адам шығу оңай емес, бір аяғы көрде, бір аяғы төрде деп жататын. Босанған әйел өлім ауылының маңынан, ажалдың аузынан қайтады. Жан ышқынып шегіне жеткенде тыныштық феноменіне жетеді. Жайшылықта адамның жанына жай таптырмайтын нәрселер түкке тұрмай қалады: «өмір мен өлімнің арасы бір-ақ қадам» деп жатады ғой, тыныштық осы қылдан нәзік, ұлпадан жеңіл шекарада табылады. Тыныштықты бір сезінген адам – оны жанын салып қорғайды, өйткені ол тыныштық өмірдің негізінде жатқанын жан-тәнімен түйсінеді.
Қоғам ойсыздықтан азады. Ойсыз қоғам өмірдің өзегі іспеттес тыныштыққа қауіп төндіре бастайды. Тыныштық – харекетсіздік емес, өзінен-өзі жырланып жатқан ғажайып жырау дүниенің заңдылығын ұғыну, сол заңдылыққа кедергі келтірмеу; қайта өз іс-әрекетіңді сол заңдылыққа сәйкестендіре білу. Тыныштықты ақындық жүрекпен түйсіне білген, өлең дегеннің өзі өмірдің өзегінде жатқан сол тыныштықты қайталау екенін ұққан Мұқағали жан серігі өлеңді «оңдырмайды»:
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан миятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние, өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Ақын негізі сыпайылық танытып отыр: «сияқты» дейді. Ол шын мәнінде бізді, оқырманды, аяп отыр: ғаламның ішкі заңдылығын қапысыз аңдар ақындық түйсік бәріне бітпейтінін біліп «сияқты» дейді, кесіп-пішіп кесімді пікір айтпайды, қарапа-йым оқырманға шегінерге жол қалдырады.
Тыныштық феноменін ақындық түйсікпен ұғыну Абайдан бастау алады.
Татулықты, тыныштықты
Қоңыр көрер, кем көрер.
Ұрлық пенен қулықты
Қызық көрер, өңі енер.
Татулық, тыныштықты қоңыр көретіндер, кем көретіндер – өзін танымаған, дүниені танымаған, Құдайын танымаған ғапыл жандар. Олар қоғамға зұлымдық ұрығын себушілер, қоғамды жарға итерушілер. Себебі, олар Ақиқатты – Шынды – Жаратушыны – Құдайды танымағандар. Олардың ішкі әлемінде тыныштық жоқ; олар әділеттілікке негізделген Үйлесімділік заңын өрескел бұзушылар.
Абай бастаған шын ақындар – Күзетшілер: өмірдің ішкі заңдылығын –гармниясын көзінің қарашығындай сақтаушылар:
Сәлем берет бара қалсаң Мұратқа,
Тыныштық деп алдымен айт, сұратпа.
Тыныштық па, тыныштық па, балалар?
Деп отырар қысы-жазы шуақта. (Мұқағали)
Ендеше, бізді де Алла Тағалам:
Тыныштық сүймей, қышынып,
Өтірікке тұшынып,
Пәледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген-ді, – лерден сақтасын! (Абай)
Омар Жәлелұлы