Атадан қалған асыл өнер
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақ халқы ықылым заманнан бері жылқы малына ерекше бап көрсете білген. Әсіресе, бәйге атының бабы бір бөлек.
Бәйгеге ат қосып, оны жүлдегер ету үшін ең керекті үш фактор: Біріншіден – бәйге атының тектік қасиеті, «ат болатын құлынды желісінен танисың» демекші, тұлпарды құлын кезінде тани білген аталарымыз желіде байлаулы құлынның келешегін сыншы көзімен барлай білген. Атап айтар болсақ, ол құлынның әкесі кім, енесі қандай барлық тектік құрылымы негізге алынуы шарт.
Екіншіден – ол жылқының бабы. Қазақтың «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» дегені осы орайда айтылған. Жылқы бабы бапкерге тығыз байланысты.
Үшіншіден – шабандоз, яғни, бәйге атына шабатын бала. Шабандоз тәжірбиелі болуы шарт.
Ат баптаудың өзі ерекше өнер. «Ат шаппайды, бап шабады», «бақ шаппайды, бап шабады» деген халық даналығы бар. Сондықтан, аттың құлын кезінен бабын жасасаң желдей жүйіткей жөнеледі. Кез-келген ат құлын кезінен өскен жерінің табиғатына қарай бейімделеді. Атты баптаудың негізгі мәні – оны шынықтыру. Жейтін асының құндылығыннан бастап тазалығын қадағалау атбегінің басты міндеттерінің бірі.
Бәйгеге қосар атты күйіне келтіру, күтімін көрсету жылқы бабының негізгі сатылары. Атты бір көргеннен тани білетін атбегілер оның тұқымына, дене бітіміне, сұлулығына ден қояды. Олар алғаш көрген сәттен-ақ қандай жылқы боларын болжай алады. Шын жүйрік жылқының мінезін дене бітіміне қарап та тануға болады. Ат суытқанда артқы екі аяғына кезекпен салмақ салып, тұяғының ұшын тіреп тұратын болса, атбегілер оны жақсылыққа балайды. Су ішсе судың тұнық жерін іздеп ішетін, жайылса желдете жайылатын, шөп жесе таза жерден ғана жейтін, жетектесең елпілдей жөнелетін мінез нағыз жүйрік жылқыға тән қасиет. Міне, дәл осындай жылқы таңдаудың көптеген тәсілдері бар.
Нағыз атбегілер осындай белгілерімен ат таңдап, бабын жасап, жылқыны жүйріктер қатарына қосады. Кейде ат баптайтын жандар атты құлын, тай кезінен таңдап күтімін көрсетеді. Көп жағдайда осындай жылқылардан желдей жүйрік, кербез жылқылар өседі. Атбегілер жылқылар аурып қалған жағдайда да алғашқы көмекті көрсете алу қажет. Аттардың арасында «жел тию» жиі болып тұрады. Бұл күйдегі жылқыны қинап терлетеді де, тері шыққан соң арнайы орнатылған шатырға кіргізіп, терін қырғышпен қырып алады. Алайда, табиғи түрде тым аз тер, кейде мүлдем тер шықпайтын жылқылар да болады. Бұл жылқыларды қинамау қажет. Осы емнен кейін 3-4 күн бойы жылқының бабын жақсылап жасау қажет.
Жүйрік жылқыларды баптау кезінде көп қинамаған жөн. Себебі, аяқ-қолына ақау түсірмеу өте маңызды. Жылдың бес айында жылқыны кәдімгі күнделікті мініске салып жүрген дұрыс. Себебі, жаздай байланған сәйгүлікті, күзде жеңіл-желпі жүріске салады. Ал қыс мезгілінде жылқыны бос жіберген дұрыс. Көктемде қолға ұстап, қыстың суық күндерінде ақау алған сіңірлерін емдеп, аяқ-қолының бұлшық етін ширатады. Жылқының бабы осылай сақталған кезде ғана күш-қуаты артып, ширай бастайды. Әр мезгілдің жазылмаған заңдылығы осынадай болғанымен де, төрт мезгілде де қайта-қайта мініске салып тұрады. Себебі, денесінде жиналатын суларды терлету арқылы уақытылы шығарып тұру қажет. Жылқының жүйрік әрі сымбатты болуы оның баптау процессіне тікелей байланысты. Сондықтан, жылқы баптаған уақыттағы ең маңызды дүние – терін уақытылы алу. Көп жағдайда сақа жүйріктерді 30-40 күн байлап, 5-6 дүркін терін алып, 10-13 дүркін бой жаздырып алған соң ғана шаптырады.
Дөнен және бесті сәйгүліктерді 2 аптада 3-4 мәрте терін алып, 5-7 рет жарысқа салады. Құнан-тайларды 3 дүркін терін алып, 4-5 мәрте жарысқа жібереді.
Ежелгі көшпенділерден бастау алып, бүгінгі дамыған заманда жылқы баптау өз маңыздылығын жоймай, керісінше қарқынды түде дамуда. Себебі, жеті қазынаның бірі бола білген түліктің бабын жасау бізге артылған міндет деп білеміз.
Дәулет ИБРАГИМОВ,
Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының
Қызылорда ғылыми-зерттеу станса филиалының
меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты,
Саламат Қызылбаев,
аға лаборант, ветеринария ғылымдарының магистрі.