Галактика қашан пайда болды?
Сонау 13 миллиард жыл бұрын Ғалам дәл қазіргідей емес еді. Ғалымдар осы уақыт аралығында жұлдыздар белсенді түрде түзілді деп есептейді.
Жаңа жұлдыздар пайда болып, бір-біріне жақындай түсті. Бұл алғашқы жұлдыздар тобының құрылуына әсер етті. Ал одан кейін кішкентай галактикалар түзіліп, олар да бір-біріне соқтығысады. Осының нәтижесінде біздің "үй" – Құс Жолы секілді ірі галактикалар пайда болды.
Өткен жылы Еуропа ғарыш агенттігі Құс Жолы мен Гайя Энцелад аталатын галактиканың соқтығысқанын дәлелдеген. Ғалымдар біздің галактиканың кейбір жұлдыздары "өзінің" орнында тұрмағанын анықтаған. Құс Жолының ішкі бөлігінде өзге жұлдыздар жүйесінің қалдықтары "өмір сүреді" екен. Бірақ бүгінгі күнге дейін екі галактиканың қалай соқтығысқанын анықтау мүмкін болмай келді.
Канар астрофизика институтының ғалымдары бұл жұмбақтың жауабын тапқандай.
Құс Жолының пайда болу тарихы
Зерттеу барысында ғалымдар Gaia ғарыш телескопы арқылы Құс Жолында Күннен 6500 жарық жыл қашықтықта орналасқан бір миллионға жуық жұлдыздың жарықтығы мен нақты орналасқан жерін анықтаған.
Жұлдыздар екі санатқа бөлінген: біріншілері – ашық көктер (металлға кенде жұлдыздар), екіншісі – қызылдар (металлға бай). Екі топ жұлдыздарының пайда болу уақыты бірдей болғанымен, ашық көк жұлдыздар абыл-сабыл қозғалады. Бұл бір кездері Құс Жолының басқа жұлдыздар жүйесін "жұтып" қойғанына дәлел.
Ғалымдар жұлдыздардың өмір сүру ұзақтығына қарап екі галактиканың шамамен қай уақытта соқтығысқанын болжап көрді. Олардың есебінше, Құс Жолы мен Гайя Энцелад галактикасы осыдан 10 миллиард жыл бұрын қақтығысқан. Біздің Құс Жолы өз жұлдыздарын үш миллиард жыл ішінде түзсе, Гайя Энцелад дәл осы аралықта пайда болған. Алайда оның жұлдыздары жеңілдеу және кенге жұпыны болған екен. Ал екі жұлдыздар жүйесінің бірігуі бірінеше миллион жылға созылған болуы мүмкін.
Бірігу бір сәтте болатын құбылыс емес, ол уақытта қажет ететін ұзақ процесс. Галактикалардың бірігуі кезінде жұлдыздар тобына үлкен әсер етеді, - дейді Еуропа ғарыш агенттігінің ғалымдар.
Мына 3D-анимация видеодан Құс Жолы мен Гайя Энцелад галактикасының бірігу сәтін көре аласыздар.
Бірігу кезінде бөлінген жылу мен үлкен көлемді галактика газы Құс Жолының қазіргі "келбетінің" қалыптасуына көп үлесін тигізген. Дегенмен Құс Жолы тарихындағы бұл бірінші бірігу емес. Бұдан да басқа жұлдыздар жүйесін өз қатарына қосқан.
Біздің ғалактиканы да осы сценарий күтіп тұр. 5 миллиард жылдан кейін көрші Андромеда галактикасы Құс Жолын "жұтып" алады.