Қызылордадағы Мұратбаев стадионына Еуропалық матчтарды қабылдауға рұқсат берілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордаға жұмыс барысымен келген УЕФА-ның сарапшысы Лундстром Питер Паулдің «Қайсар» футбол клубының баспасөз қызметіне берген сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Бұрын-соңды біздің елге келген шығарсыз. Жалпы Қызылордаға қандай мақсатпен келдіңіз?
– Қазақстанды әлемдік аренада естіп-ақ жүрміз ғой. Бірақ естігенімізбен арнайы келіп, саяхаттамаппын. Футболдың айналасында жүріп, көптеген елді шолып шықтық. Осы спорт түрінің арқасында Қазақстанға, оның ішінде Қызылордаға келіп тұрмын. Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионды сертификациялауға келдім. Стадион жұмыстарына байланысты қалада екі күнімді өткіздім.
– Біршама елде болғаныңызды айттыңыз. Біздің қаланың өзгелерден қандай артықшылығы немесе кемшілігін байқадыңыз?
– Шағын қала. Жалпы судың етегінде орналасқан шаһарлар өзіме қатты ұнайды. Дегенмен су жағасында балық ұстап отырған бірде-бір адамды кезіктірмедім. Сондықтан кәсіби балықшылар қалада жоқ секілді көрінді. Жаңадан бой көтерген нысан көп екен. Басқа елдерде тамақтануда көп кедергіге тап болдым. Мұнда дайындалған астың барлығы көңілден шығады. Қаланы толық аралауға екі күн жеткіліксіз екен. Айтпақшы, түркі жұртының мақтанышына баланатын Қорқыт ата кесенесін көрдім. "Қайсар" футбол клубының ұжымы Қорқыт атаға қатысты деректермен таныстырғанына алғыс айтамын. Қызылорда тарихқа бай екенін аңғардым. Кемшілігі – күн райы (күліп). Ауа райы шамадан тыс ыстық екен. Жергілікті тұрғындар ыстыққа үйренген болу керек. Солтүстіктен келген мен секілді адамдарға қиындау.
– Шаһарды шолып шыққаныңызды білдік. Қандай нысан көңіліңізден шықты?
– Стадион (күліп). Іргетасы ертерек қаланса да су жаңа секілді. Қаланың халқына негізделіп салынғаны байқалып тұр. Пайдаланылған материалдардың сапасына оң баға беруге болады. УЕФА-ның талабына сәйкес екінші категорияға лайықты. Стадион Еуропалық стандартқа сәйкес, кез келген матчты қабылдауға дайын. Стадионнан бөлек қаладағы көп нысанның аркитектурасы ұнады. Бірақ нысанның атауын естігенмен жадымда сақтау мүмкін болмай тұр. Футбол жаныма жақын болған соң, стадионға біршама тоқталдым.
– Қазақстандағы сапарыңыз Қызылордамен шектелмейтін шығар?
– Иә, біраз қаланы шарлаймын. Қызылордадан кейінгі бағытым Тараз қаласы. Таразға көлік арқылы жетуді жөн санадым. Өйткені екі аралықтағы Түркістан және Шымкент қаласын да көруді жоспарлап отырмын.
Комментарии 1