Бруцеллез ауруынан сақтаныңыз!
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бруцеллез ауруының қоздырғыштары сыртқы әсерлерге тұрақты келеді. Сүт тағамдарында 10 немесе одан да көп күнге дейін сақталса, ауыл шаруашылығы жануарларының терісінде 3-4 айға, суда 5 айға, топырақта 2-3 айға дейін сақталады. Осыған орай, Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасы сақтық шараларын күшейтуді ескертеді.
Жануарлардың арасында аса үлкен қауіп төндіретін қой мен ешкі болып табылады. Ауру қоздырғыштары бруцеллез ауруымен ауыратын малдың сүтінен, түсігінен, жатыр суынан, плацентасынан, несебінен бөлінеді.
Ауру қоздырғыштары адамға жануарларды күту, қырқу, төлдеу уақытында ветеринариялық-санитариялық сақтандыру шараларын сақтамаған уақытта тері арқылы жұғады. Бруцеллез ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-30 күн ішінде байқалады. Сырқаттанған адам тез шаршап, тамаққа тәбеті жоғалады, сондай-ақ басы ауырып, әлсіздік пайда болады. Ем қабылдамаған жағдайда науқастың дене қызуы 38-39 градусқа көтеріліп, жоғары және төменгі дене буындары мен мойын және қолтық астындағы бездері үлкейіп, ұйқы қашады.
Жануарларда бруцеллез ауруының негізгі белгілері: ақсақтық, сауын малдың сүт бездері мен буындарының ісіп кетуі, түсік тастауы. Мұндай жағдайда міндетті түрде ветеринарларға жүгіну керек. Ауру мал анықталған жағдайда, сау малдан оқшаулап бөлек ұстау қажет.
Жұқпаның көзі – ауру мал, ал таралудың негізгі факторы мал өнімдері екенін ескерсек, онда ең алдымен ауру көзімен күресу шарт. Ет, ет өнімдерін, сүт, сүт өнімдерін сатып алар кезде сатушыдан осы өнімдердің ветеринариялық сараптамадан өткендігі жөніндегі анықтама құжатын сұрауға құқылысыз.