Қарақұм құрылтайы өткен орын
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жергілікті өлкетанушылардың елдегі ескікөз қариялардан жазып алған аңыз-деректеріне қарағанда, 1710 жылы «Қарақұм құрылтайы» Арал ауданы Қарақұм ауылының маңындағы «Құлжұмыр-Қасқатөбе» деген жерде өткен.
Қарақұм қазақ халқының тарихындағы аса киелі де қастерлі мекендердің қатарында аталады. Кіші жүз рубасыларының бастамасымен, 1710 жылғы қыста Арал аумағында көшіп-қонып жүретін ру-тайпалардың ықпалды өкілдерінің құрылтайы шақырылды. 1710 жылы өткен Қарақұм құрылтайы туралы халық аузындағы тарихи мәлімет бізге 1803-1804 жылдары Бұқар хандығына сапар шеккен орыс сауда-саясаттық миссиясының басшысы, поручик Яков Петрович Гавердовский (1770/73-1812) жолжазбалары арқылы жетті.
Я.П.Гавердовскийдің материалдарына сүйенген тарихшы-ғалым И.Ерофеева Қарақұм мәслихатының барысын былайша баяндайды: «Қазақ ақсақалдарының айтуынша, осы мәслихатта бірауыздан қабылданған күшті жауға бірігіп тойтарыс беру туралы шешім өте қиын және моральдық – психологиялық жағдайда өтті. Мұндай шешімге тек батырлардың мықты тегеуріні арқасында қол жеткізілді.
Жоңғар қонтайшысына бағынуды немесе басқа жаққа көшіп кетуді ұсынған «жеңіліс» тобының бірнеше өкілі сөйлегеннен кейін ортаға шыққан атақты табын Бөкенбай батыр Қараұлы қызу қандылықпен өз киімін жыртып, семсерін жоғары көтеріп, бүкіл кеңесті айнала былай деп ұран салды:
.... - Уа жұртым! Бүгіннен бастап кеудемдегі шыбын жаным алдымен Алланікі, сонан соң сендердікі. Алдарыңызда ант беремін, қасық қанымыз қалғанша қасиетті жерімізді таптатпаймыз. Уа, аруақ! Өзің жар бола гөр!»
Бөкенбай батырдың ашына айтқан батыл сөздері бүкіл жиынға қатысушыларға қатты әсер етіп, бірінші топтағы жоңғарларға мойынсұнуды жақтайтындар жеңіліп, елді азат ету үшін күш біріктіру қажет деген шешім қабылданады. Содан кейін Құрылтайға жиналған барша халық Бөкенбайдың ұранынан айнымауға ант берді. Бір жеңнен қол шығарып, бірін-бірі қасық қандары қалғанша қорғауға серттесті. Қазақтардың рухы күшейгені соншалық, бірқатар басты батырлар мен билер анттарын бекіту үшін білектерін осып, отқа қан тамызу рәсімін өткізді.