Төрт түлікті қастерле
Нұх пайғамбар Қазығұртқа келіп тоқтаған соң хайуандар мен жәндіктер кемеден шығуға таласа бастайды. Нұх пайғамбар:
– Бәрің де шығасыңдар, асықпаңдар. Адамзат үшін аса маңызды төрт түлікті алдымен шығарамын. Олар адамның кисе – киімі, ішсе – сусыны, жесе – тамағы, жатса – төсеніші болады, – депті.
Тағат таппай тыпыршып тұрған жылқы Нұхтың сөзін естіп, есіктің аузына шауып келіпті. Нұх:
– Тұлпарым, жақсылығыңды адам баласынан аяй көрме, сенімді серігі бол! Жаратқан Ием жаныңа адалдық беріп, тіршілік иесінің қанаты мен жанаты қылсын! – деп, екі құлынның жалынан сипап, кемеден шығарыпты. Пайғамбардың алақаны тигендіктен, аттың жалы жұмсарыпты. Жылқының жығылған кісіге жалын төсейтін қасиеті содан қалыпты.
Жылқыдан соң маңырап қой келіпті.
– Құтпандарым-ай! Алаңнан аулақ боп, басыңа топалаң келмесін, – деп, оларды да өріске жібереді. Содан болар атамыз қазақ қойдың ішінде құтпанды ерекше бағалапты.
Үшінші маң-маң басып түйе жетіпті. Пайғамбар:
– Пай-пай, жампозым-ай! Артыңнан сарып келсе де, асығар емессің-ау! Сірә, ботаңды ұзақ көтерерсің. Келең көбейіп, матауың кең болсын! – деп, шудасынан сипайды да, кемеден шығарады. Содан бастап түйенің шудасына кие бітіпті. Түйе шудасын таптауға болмайды. «Түйе үстінен жығылған адамға шудасын төсейді» деген сөз де осыдан қалыпты.
Нұх төртінші түлікті шығару үшін сиырды іздейді. Ол кеменің бір бұрышында күйсеп жатыр екен. Пайғамбар:
– Ей, тыңжыларым-ау, бұл жатысың қалай? Кәнеки, шық, ау-хау, ау-хау! – деп шақырыпты. Есітпеген сыңай танытып, сиыр күйсеп жата береді. Өзін тыңдамағанына ренжіген Нұх:
– Өй, саған не болған? Қане, тұр, өк! – деп мүйізінен тартып тұрғызады. Сиыр орнынан еріне тұрып, әрең қозғалып, есікке беттейді. Нұх сиырдың желінін ұстап:
– Бір сөзді екі рет айтқыздың! Жем жеп, күйіс қайыруың ұзаққа созылар! – депті. Нұхтың қолы тигендіктен, сиырдың желініне береке бітіпті.
Оның мүйізінен тартып тұрғызғандықтан, мүйізі қатты болыпты. «Сиыр жығылған кісіге мүйізін төсейді» деген сөз осыдан қалыпты. Қазақта «сиырдың мүйізінен қатты ұстауға болмайды» деп ырым етеді. Сиыр шамданып, сүті азаяды деп сенеді.
Бұл жайында ел аузында «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген өлең нұсқалары сақталған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,
Қамбарата жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Тышқақ тана үстінде жатып қалып,
Зеңгібаба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,
Шопаната жануар содан қалған.