Қоңсы
Қоңсыма құл болуға дайынмын. Өйткені ол Құдайы қоңсым, бес қабатты қыш үйде сыртқы темір есіктен күнде кіріп-шыққан көзкөрген, көргеніңе баға берер сырлас. Тәңір сыйлаған тәулікте одан көп жолығатын да ешкім жоқ. Есікпе-есік үй – сенің ең жақының, жақсыңды асырып, жаманыңды жасырып, тірлігіңе куә боп көз құмарын қандыратын да осы Құдайы қоңсың.
Жаңа қоңсым көшіп келгесін пенделікке салынып, осы үйде он бес жыл тұрған бұрынғы қоңсыммен салыстырдым. Жер қойнауын үңгіген тарихшы-археолог еді. Көбіне іссапарда жүретін. Күнге күйіп қап-қара боп келсе де, көрген жерде көлеңкеде жүргендей риясыз күлімсірейтін. Белгілі тарихшы екені ел-жұртқа аян, одақтық деңгейдегі Мемлекеттік сыйлықтың иегері екенін о дүниелік қазанамасынан оқып-білдім. «Мен сондаймын» деп өмірі тіс жарған емес. Ол өмірден озғасын үйін сатып, әйелі басқа жаққа көшіп кетті. Кетерде дастарқан жайып, қоңсылармен қоштасып, көзіне жас алды. Ұзамай орта бойлы, сылыңғыр, анда-санда күлген кезде сорайған қу сүйек алақанымен аузын басып, жан-жағына алақ-жұлақ қарайтын бір жеңілтаптау кісі көшіп келді. Бұрын басқа ауданда тұрыпты. «Мынау үй элитный болғасын келдім, районына қызықтым» дейді. Қазақтың салтымен есікпе-есік көршіме ерулік бердім. Жұбайы тәкаппарлау екен, анда-санда тіл қатқанда ақыл айтып, бұйрық рай танытып отырады. Бірақ өң-жүзінен кетпейтін бір күлкінің табы бар. Әйел басына бұл да жарасып тұр.
Ерулік берген күні барымызды алдына жайып, дастарқанға үйіп-төктік. Олардан көп кіші болсақ та ұлттық дәстүрді сақтауға тырыстық.
– Үй көрсеткендерің дұрыс, – деді жаңа қоңсым дастарқан басына отырар-отырмастан. – Мен өзі «Столичный» гастрономының он бес жыл директоры болған адаммын. Икрасыз қонақ шақырмайтынбыз. Аса құрметтілерге қарасын, орта қолдыларға қызылын қоямыз, – дей бергенде сөзін бөліп жібердім.
– Бізге қонақтың бәрі бірдей, болып жатса икра да бірдей.
Ол кісі көзінің астымен қарап, бір сәт тынышталып қалды. Мен де он бес жылдан бері осы жерге кімдер келіп, кімдер кеткенін бір кісідей білетіндігімді көрсеттім. «Сіз болсаңыз енді көшіп келіп жатырсыз, әскер тілімен айтсақ, «пропискаға» енді тұрып жатырсыз» дегенді емеурінмен сездірдім.
– Мен әскерде болған жоқпын…
Алдына қара қойдың былқылдап піскен жамбасын қойдым. Ол кісі қонаққа сүрлен-ген қазы қоятындығын айтып, тағы бір ерекшеленді. Жұбайы күйеуінің әр сөзіне күлімсіреп қарап отыра берді. «Әй, қойсайшы» деген бір түйір ескертпе жоқ, қоса-ғының сөзіне жаны рақаттанатын тәрізді.
Еттің алдында «қалай қарар екен» деп мойны сорайған ақ пен коньяк әкелдім. Коньяк кәдімгі «Қазақстан», еліміздің атын шығарған шарап. Осы кезде көршім мойны ұзын қос бөтелкеге бір қарап алды да, дүйсенбі сайын «Столичный» дүкеніне армян коньягі түсетінін, оны тек ЦК, Совмин, Жоғары Кеңеске таратып беретінін мойнын бір сілкіп, желпіне айтты.
– Оның ішінде біз жоқпыз ғой, – дедім ілмешек іздеп.
Өзі бағжиып, жұбайы күлімсіреп бір қарады. Артық кеткен адамға «қой дейтін қожа» жоқ.
– Сонымен, қайсысынан құяйын?
Ішпеймін десе, қолымды қандап, бөтелкенің обалына қалғым жоқ. Өзім ұрттаған күннің ертеңіне ауырып қалам.
– Аға, таныса отырайық. Менің атым Тілекқабыл, келініңіз Күнімай, – дегенде, түксие бір қарады. Әйелі әлі күлімсіреп отыр.
– Жақсы көрші болайық. Мен енді бірден балконды қаптатам. Ұрыға сенім жоқ. Байқаймын, сен әлі қаптамаған секілдісің. Қазір жаман, – дегенде, мен де шыдамым таусылып:
– Он бес жыл болды, ұрыдан аманбыз, – дедім. Қасымда отырған жұбайым бір жымиып қойды да, сол қолымен санымды шымшыды.
– Дүйсенбі сайын түсетін армян коньягінің үш бөтелкесін өзім тегін алатынмын. Әлгі үшеуіне бес бөтелкеден бөлгенде бір-бір бөтелкеден қосып жіберетінмін, – дегенде:
– Ас суып барады. Армяндар үшін емес, өзіміз үшін алайық, – дедім. Ол селт етіп бір қарап, «Таныстық үшін» деп, коньяк құйылған рюмкенің ернеуіне ернін әрең тигізіп, қылқ еткізді. Біздің үйлену тойымызда сыйлыққа келген оймақтай рюмке көнелігін көрсетіп отыр, жаңаның аты – жаңа дерлік ешқандай жаңалық жоқ. Өзіне де, әйеліне де тәрелкеге жартылай қамыр, үстіне жаңа сойылған қой етінен салып бердім.
Қонағым коньяктан етке ауысты.
– «Қойдың сүті – қорғасын». Оның сүті де, еті де ауыр ғой. Көп жеуге болмайды, – деп, жарықтық қара қойды да бір күстаналап өтті.
Жұбайына сөз берейін деп едім, «Мынау айтты ғой» деп, басын алып қашты. Күйеуінен көзін алмай әлі жымиып отыр. Қонақтарымның келуінен кетуі тез болды. Мейлі, мен міндетімнен құтылдым.
– Балконыңды тез қоршат. Есігіңе екі құлып пен қоңырау орнат. Элитный үйді ұрылар торуылдап жүреді, – деп, дастарқан басында айтқан әңгімесінің соңын есік аузында үрейлене тұрып жалғады. – Олар үндемей жүріп құртады ғой. – Маған да дәл бір ұрыға қарағандай күдіктене қарады.
Есікті жаба бергенде тағы сөйледі.
– Машинамды есік алдына қоямын. Анау домуправ әйел «Қоюға болмайды» дейді. Ол «Джип» қой, ең қымбат көлік. Көрсетемін әлі қоймағанды, – деп біреумен өштесіп, сол өшін менен алмақшы болғандай есігімді жаба бергенде қолымды қойып, ұстап қалдым.
– Аты-жөніңізді айтпадыңыз ғой…
– Уақыт бар ғой, – деп күбірлеп, есігін тарс жапты.
Қонақ – құт. Одан қалған сарқыт – бала-шағаға несібе. Үш балам, бір әйелім төртеуміз жаюлы дастарқанға бас қойдық.
Ерулік мойнымда еді, құтылдым.
Қоңсымның есімін кейін ести жатармын.
***
Құданың құдіреті, кеше түс көрдім….Жаңа қоңсым, өзімнен кемі бір мүшелден аса үлкен әнеукүнгі кісі сәлемімді алмай кетіп барады. Мен де сөзімді бұлдамай қала бердім. Қолымды создым, алмады. «Сәлем сәтімен» деп мен де тұра бердім.
Сол түсті көрген күннің ертесінде ол қарсы есіктен шықты да, үш қабатты басқышпен екі иығы бүлкілдеп төмен түсе берді. Салбыраған басын цемент басқыштан алмады. Асығып та бара жатыр. Үйден шығар-шықпастан алақанындағы көп кілттің бірінің түртиген нүктесін басып қап, табалдырыққа тұмсығын тіреп тұрған гүжбандай қап-қара «Джип» мәшинесінің есігін ашты. Мен қара жерді рақаттана басқан бұрынғы дағдыма салып, жаяу тарттым. Қою қара түтінді шиыра ытқытып, есік алдын ап-ащы қышқылға малып, «Джиптің» моторы қызбай жатыр. Көз қиығыммен байқадым, қоңсым рөлден тас қып ұстап алыпты, дәл ортасындағы дөңгеленген дыбыс бергіштен көзін алмай салы суға кетіп отыр. Алып мәшиненің де тұлабойы оңайлықпен жыли қоймайды. Қызғасын өзі біледі, анау отырған адам жүгенін қаққанда бармайтын жері, баспайтын тауы қалмайды.
Жәй басып тауға қарай өрлеп келемін. Қараптан қарап, уылдырық шашқан қызыл балық шоршып, көз алдыма елестеп кетті. Бәрі кітаптан оқығаным, әйтпесе мен сазан мен шортаннан басқа не көрдім. Қара түгілі, қызыл уылдырықтың дәмін татқан пенде емеспін. Менің уылдырығым – нивх қаламгері Сангидің кітаптары. Әлгі кісінің ерулік үстінде қонағыма дәрежесіне қарай қызыл уылдырық пен қара уылдырық қоямыз дегені құлағымнан күңгірлеп кетпей қойды. «Не болды, осы кешеден бері маған не болды? Қоңсым ренжіп жүр-ау, шақырсаң жөндеп шақырмайсың ба» деп. «Қайдам, он бес жылда мұнан да зорын көргенбіз» деп, шыңылтыр аязда суық сорған бетіме күлкі үйірілді. Менің бір кісі сүймес қасиетім – ешкімнен қорықпаймын, ешкімге жағымпаздана алмаймын, өйткені ешкімге қарызым жоқ. Жұрттың бәрін сыйлаймын, адаммен сыйласу – Алланың алдындағы парыз. Ал қоңсыма құл болуға дайынмын.
***
Арада күн өтті. Қоңсымның жаназасында тұрмын. Бүрсігүні көше қақтығысына ұшырапты. Аптыққан кісі қызылдан өтіп кеткенде кесе-көлденең келген бір жеп-жеңіл мәшине шопыр жағынан ұрыпты. Тіл тартпай кетіпті. Бүгін жаназасы. Есік алдында көп кісі жоқ. Өліге сауап тілеп қатарда тұрмын. Дәретпен келдім. Бұл – жаназаның ең бірінші ережесі.
– Сұрапберген Қайып баласы қандай адам еді? – деді аққа малынған жап-жас имам. Өзі бүрсең қағып әрең тұр.
– Жақсы адам, – деп бәрі жамырап қоя берді.
– Жамандығын көргендеріңіз бар ма? Артық-кем тірліктері болды ма?
– Жоқ, – деп тағы да бірауыздан жауап берді.
Мен көпке қосылмадым. Өйткені қоңсы қонғанына көп болған жоқ. Пенделік тіршілігінен бейхабармын.
Сол сәт үй қапталында тұрған дәп-дәу жеңіл мәшине пар етіп оталып, жаназаның шырқын бұзды. «Сәл шыдай тұрса қайтеді-ей? Әйтпесе кісі өліп жатқанын біле тұрып, көлігін ертерек алып кетпей ме? Осы қоңсыларым да біртүрлі болып бара жатыр». Бұл – менің қиялым. Абырой болғанда, мәйітті көтермей тұрып мәшине әрі қарай жол тауып сытылып кетті.
– Қарызы бар ма? Қарызы болса, мына тұрған құдай қосқан қосағы өтейді, – деді имам парылдаған мәшинеге әнтек мойнын бұрып.
Жұбайы сол бұрынғы кейпінде, қаза үстінде де күлімсіреп тұрғандай. Екі уытының үсті толқынданған күлкі. «Өтемесем не болады?» дегендей, жас имамға онан бетер күлімсірей қарады.
– Қазір мәйітті мәңгілік мекеніне шығарып саламыз. Зират басына бару – парыз. Барып, бір уыс топырақ салу – сауап.
Есікпе-есік қоңсымды жер қойнына жөнелту үшін мен де бардым. Сауап болсын. Есімі Сұрапберген екен. Оны да уақыты жеткенде имамның аузынан естідім.
Шыңылтыр аяздан қалқан құлағы қып-қызыл болған жас имам қабір басында да сүйекшілерге біраз уағыз айтты. «Бір уыс топырақ салу – сауап. Осы келгендердің бәрі марқұмның ет жақындары, туыс-бауырлары. Топырақ салғандар неғұрлым көп болса, көр азабы жеңілдейді. Рұқсат етіңіздер. Айтпақшы, – деді имам, – Адам қандай қымбат, жұмсақ көлік мінсе де, оның опасыз жалғанда мінген ең қымбат көлігі – қабір басына дейін көтеріп әкелген адамдардың алақаны. Ол қандай зәулім үйде тұрса да, оның ең жайлы да жұмсақ мекені – осы қара топырақпен көмілген бір шаршы ләқаты. Енді мәйітті жерге тапсыруға рұқсат етіңіздер?
– Рұқсат, рұқсат, – деді жақындары.
Ең жақынының бірі – Құдайы қоңсысы мен де бас изедім.
Асына бара алмай асығып кеттім. Барғым да келмеді. Мейрамханадағы ас ұзаққа созылады. Марқұмды мақтау-мадақтаудан құлағың сарсиды. Мен ол кісіні бар-жоғы бір айдан бері білемін, бір сағат үйіме қонақ еттім. Ертең күн жұма. Мешітке барып аят оқып, Құран бағыштармын.
Зәулім үйдің төбесі алыстан көзге шалынды. Қоңсым балконды жабуды бастаған екен, темір қоршаудың басы бар да аяғы жоқ, темір кесетін дызылдауықтың бөлшегі де тар жерге сыймай шашылып жатыр. Соғылған «Джип»-тің алба-жұлба қаңқасын есік алдына сүйреп әкеп тастапты.
– Мейрамханада уылдырық берді ме? – деді жұбайым үйге кірген бетте. «Тілде сүйек жоқ». «Әйел – дұшпан» деген осы.
– Мейрамханаға барғандардан сұрарсың…
Қарсы есік толық жабылмай, жабықтан бір көз сығалап тұр. Бұл – о дүниелік болған қоңсымның көзі, мүсәпірдің жан сәулесі. «Бейшара жақсы адам еді, жатқан жері жайлы болсын». Жұмадағы сауапқа дәретпен баруға ыңғайланып, бар білгенімді қайталай бастадым. «Мұсылман баласы білген ілімін жасырып қалмай айтқаны жөн, дейді. Ертең өзіме де қиямет күні болған сұрауда жеңілдік болады. Мүсәпір не де болса Құдайы қоңсым ғой. Ныспысы Сұрапберген екен, өзі айтпағасын үйден шығарда сұрап едім, «Уақыт бар ғой» деген пенденің жіңішке үні құлағымда сыңсып қоя берді. Оны да уақыты жеткенде имамның аузынан естідім. Әкесінің есімін білмеймін. Біреудің жақсы перзенті, жақсы адам еді. Пенденің бәрі нақұрыс, дейді. Пенделігін кеше гөр». Күбірлеп келемін. Маған қоңсымның тыныш жатқаны керек. Денемді бір ағын билеп, артыма қарап едім, биік балкондағы майда-шүйде әлі жиналмапты. «Жазда осы балконға жатам. Алатаудың ауасын басқалардан бұрын жұтам» деген сөзі құлағымның түбінен желдей есіп өтті. Топырақ сап тұрып адам жатқан ақымға үңіліп қарадым – ені мен көлденеңі темір-терсек үйіліп, опыр-топыры шыққан мынау балконнан да тап-тар. Есік алдында мыж-мыж боп қара «Джиптің» қаңқасы тұр…
Қара сумен аузымды шайып, қатарға тұруға асықтым.
Жұма күні қиял емес, сауап алда жүреді. Бұл күні жаман сөз айтылмайды. Қоңсым үшін тағы бір пенделік парызымды өтесем деп сапқа тізіліп, қатарға қосылдым.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ