Кие
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Біздің ауламызға жақын Сәндібектің отбасы тұрды. Әйелі Рысты екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, ұлдың үлкені шаңырақ көтеріп бөлек кеткен. Сәндібек кісі баласымен сөйлеспейтін, ауылдың той-томалағына, өлім- жітіміне жақындамайтын томаға-тұйық кісі болатын. Ал әйелі, керісінше, бір күнде ауыл-аймақты аралап, салдырлап сөйлеп, саңқылдай күліп жүретін аяғы жылдам әйел еді. Атам оған «соңғы хабар» деп ат қойып алған. Барған үйінде не болып жатқанын, келесі үйге міндетті түрде жеткізеді. Сол «мәртебелі» өсегінің арқасында сол үйдің бәйбішесімен терлеп шай ішіп, тәбеті тартқан асын жеп қайтады. Егер жамандаған адамы үй иелерінің көңіліне жақса, солардың киюге жарамаса да тастауға қимай отырған киім-кешегін қолтықтап кетеді. Мен ол кезде бала едім.
Ес білгелі көріп, таныған алғашқы көршім. Біздің үйге жиі келеді. Дөп ас ішетін мезгілде келетінін бәріміз біліп алғанбыз. Ешкім де үйде оған қабақ шытпайды. Ол кезде ауылдың қадір-қасиеті, бірлігі де сол еді ғой. Есіктеріне құлып салынбай, қойлары қораласып, қазандары араласып жүре беретін. Кедейлік деген ұғым жоқтың қасы. Жоқ кісінің үйінде бір сиыры, екі-үш қойы, есігінің алдында егіндік жері болады. Бірақ осы Сәндібектердің отбасы тақыр кедей еді. Қабырғасы құлауға сәл тұрған құжырасы бар, ауласында кішкене ас сарайы бар. Үйдің жан-жағы қоршалмаған. Ол үйге кіріп-шығып жатқан кісі көрмейсің. Кіруді де ауыл адамдары ар санайтын болуы керек. Менің сол үйдің ішін көруге аңсарым ауа берді. Сүт сұрай баратын, хал сұрай кіретін үй емес… Менен екі жас үлкен Айгүлмен араласудың жолын қарастырдым. Өзі сабаққа да сирек баратын, үйінен де шықпайтын тұйықтау қыз. Ол кезде ауыл шетінен су таситынбыз. Суға Айгүл шықпайды, үлкен ағасы барады. Бір күні су таситын арбамның дөңгелегі сықырлайтынын сылтауратып Сәндібек ағаға жөндеп беруін өтіндім. Үйден Айгүл де шыға келді. Сәлемдесіп, көрінбейтінін айтып, әйтеуір ұсақ-түйекті сөз еттік. Беті мен мұрнының ұшына қалың сепкіл түскен, ақ сары қыз екен. Ол да сөйлескісі келген ыңғай танытты. Үйіне кіріп, ауызғы бөлмеден су ұсынды. Айналама ұрыншақтана көз тастап қоям. Үйдің үш бөлмесіне де еден төселмеген. Қара жерге су себілгені байқалады. Шілденің ыстығында үй іші қоңыр салқын болсын десе керек. Өзбектің жолақ түскен жұқа алашасы екі түпкі бөлмеге жайылыпты. Пештің оң жақ қапталында қағазға оралған нан, шыны ыдыста сүттен басқа ас жоқ. Терезе сарғайған газетпен тұмшаланған. Түпкі бөлменің бұрышында құжынаған қағаз, көбісінің мұқабасы жоқ кітаптар. Кереует, үстел байқалмайды. Ауызғы есіктен бастап қарама-қарсы орналасқан шағын бөлмелердің жартылай жайы анық байқалып тұр. Мынандай ауыр көріністен көңілім тас-талқан болып далаға шықтым…
Ештеңеден хабары жоқ, өз-өзіне бек сенімді алып күн ғана аспанда алтынданып тұр. Анандай жүз метрдей жерде біздің үйдің ауласында атам жылқысын суғарып, су ішуге тізіліп келе жатқан қойларын санайды. Әжем көзін көлегейлеп өрістен келе жатқан малдарға қарап сұқ саусағын ербеңдетеді. Сезем, сол жануарларды біртүрлі маңғаздықпен жақсы көріп тұр. Ас пісіретін ошақтың түтіні де будақтайды… Малды қораға жайғастырып, олардың әрқайсысына ас шөбін беріп, төрге жайғасатын атама ас дайындалып жатқан болуы керек. Етсіз асы, сүтсіз шайы батпайтын бұл кісінің бабы бөлек қой… «Арбаңды майлап бердім, енді зымырайды» деген Сәндібек көкенің сөзінен ойымды жиып алдым. Айгүлмен қоштаспастан жымы білінбей қалған арбамды сүйретіп үйге келдім де, пләгімді салып суға кеттім. Жол бойы ойлар жаныммен жағаласып келеді. Рысты апайды да, Сәндібек көкені де, Айгүлді де, оның есі кіресілі-шығасылы деп ел айтатын әпкесін де жақсы көріп келем. «Қанатымен тамақ тасып жүретін қарлығаш екен ғой Рысты апай… Неге бұл үйді кедейлік иектеп алған? Ауыл болып, алақандай сол үйге береке кіргізіп бере алмағаны ма?» деймін. Уақыт өте берді. Сол құжыра, сол аула… Шаңырақ көтерген ағасы тым алыста біреудің малын бағып жүр екен. Өздері де көрмегелі көп болған. «Жарқынбек, келсе бәрін дөңгелетеді ғой, әкесінің керегін де әкелер…» деп Рысты айтқалы жылдар өткен. Одан кейінгі ұлы қалада жүк тасиды. Содан кейінгісі екі қыз. Айгүлдің әпкесі өзімен-өзі сөйлеп жүретін есінде кемістігі бар жан болып шықты. Жиырмадан аса жынданып өлді. Оған қайғырған жан болмады. Бір молда, екі-үш көрші жиылып бір-ақ күнде жерлеп келген.
…Бірде мынандай оқиға болды. Менен бір жас үлкен ағам ойын баласы жасында өзі құралыптастарымен суға шомылып жүріп, ауыл сыртына шығып кетеді. Ымырт үйіріле бір топ бала ауылға таяп қалғанда жидесі төгілген мәуелі талды көреді. Жиде, жеміс ағашын арнайы баппен өсірмесе біздің жақта жапырақ жаюы екіталай. Балалар қуанып тал басына өрмелеп, жидесін жеп, армансыз тояттайды. Қайтып келер жолда соңдарынан үлкен ақсақал қолына талдың бұтағын ұстап алып бұларды қуып келеді екен. Бәрі тым-тырақай қашып үйлеріне сүрініп қабынып жетеді, әйтеуір. Сол түні ағам сандырақтап шықты. «Жай, шаршаған ғой…» деп әжем кесеге салқын су құйып бетіне бүркіп қояды. Екінші күні тіпті күрделеніп кетті. Киіз үйдің төбесіне шығып, өзінен-өзі күліп бәрімізді алаңдата бастады. Өзімен бірге жүрген екі баланың күйі де осыған ұқсас болып шықты. Содан пәлен жерде емші бар екен дегенді естіп, үш ана үш ұлын жетектеп сонда кетті. Емшінің емі сеп болып, олар бұрынғы балалар болып қайта оралды. Айтуларынша, сол қашқаннан кейінгі сәт естерінде жоқ. Әжем мен атам бұл жәйтті естіп үнсіз ғана күрсінді. «Сәндібектің әкесінің сол жерде бағы болған. Сәндібек жалғыз ұл еді атадан. Сол баққа ие бола алмады. Әкесі молда, емші кісі еді. Өлгенде осы баққа жерлеңдер деген аманатын орындадық қой. Сол бақтың жазда жұрт рақатын көрді, қыста отындыққы қырқып алды. Ол жердің бабын Сәндібек те келістірмеді. Ішуін ішті ғой бұл жарықтық та… Ақыры әкесінің өзі жатқан жердегі екі тал ғана қалған… «Мына жүгірмектердің оған қайдан тап болып жүргенін» деп атам үстел үстіндегі нан қиқымын алақанымен сыпыра бастап: «Сәндібекке береке қонбағаны да сол ғой» деді…
Жердің де, сөздің де, судың да киесі бар деген рас-ау… Әйтпесе түнде құдықтан су аларда «Су иесі Сүлеймен су алуға рұқсат бер!» деп сұранар ма едік? «Сөздің киесі ұрады» дегенді де естігенім бар. «Өз босағаңның да киесі болады» дейтін. Ол туралы аңыз-әпсаналар да бар ғой…
Рысты үйге келгіштеуін доғарған жоқ. Бәрі бәз-баяғыша… Бір күні Сәндібек өкпе ауруынан өз босағасында жатып өлді. Рысты да жолдасы жырақтағасын үйінен шықпай, сирек қана көрініп жүрді. Лезде қартайып, шөгіп кеткен әйел жыл ұзамай, ауырмай-сырқамай аттанып кетті. Атам Құранын оқып, біреуі нанын, біреуі шайын әкеліп көңіл қопсытып шығарып салғандай болды. Айгүл қалаға кеткеннен оралмады. О, бастан іргесін аулақ салған алыс жамағайындары оны тұрмысқа шыққан, үбірлі-шүбірлі екен деп сұрағандарға жауап беретін. Рысты жетім өскен соң оның туысын, тегін ешкім білмеді, білсе де ел есінде қалмады. Бүгінде құжырадай үйдің төрт қабырғасы да құлап әр жерде төмпешіктер ғана қалған. Есігін жан адамға ашпайтын ауылда «бай Мәкен» болып аталып кеткен көршісі ауласын кеңейтіп біраз жерлерін иеленіп алыпты. Кешегі жанұшырып, жанталасып үй-үйдің босағасын аралап табаны талмайтын Рысты да бұл ауылда болмаған секілді… Көлеңкеде ағаш жонып, әлденеге шұқшиып отыратын Сәндібекті де ешкім еске алмайды. Ұлдары да сол кеткеннен шаңыраққа оралмаған. Тірісін, өлісін іздейтін ағайынның ақылы, жақынның мейірімі оянбады. Әлдебіреулер әкесіне ас беріп, әулетімен құран бағыштап жатқанда бұл шаңырақтың аттары аталмасы анық. Көз алдымда уақытқа жұтылған тағдырлар, жердің бетінде желпініп өмір сүре алмаған пенде елестейді. Бәлкім бақыт дегеннің өлшеуі болмайтын шығар. Әркім өз сана-сезіміндегі бақытпен, өзін қуанта алатын жүрек ішіндегі рақатпен де өмір сүруі мүмкін ғой…
Динара Мәлік