Тақтан түскен жапон императоры жайлы не білеміз?
Cәуір айының соңында жапон елінің императоры Акихито өз еркімен тақтан бас тартты. Салт-жоралғысын жасап қоштасқаннан кейін, Жапонияда 30 жылға жалғасқан "Хэйсэй" ("Қол жеткен бейбітшілік") дәуірі аяқталды. Акихито енді ешқандай ресми міндет атқармайды.
Императордың өз еркімен тақтан бас тартуы күншығыс елі тарихында соңғы 200 жылда алғаш рет қайталанып отыр. Бұл әулет әлемдегі ең байырғы монархиялық әулетке жатады. Аңыз бойынша жапон императорының әулеті Аматэрасудан (күн құдайы) өсіп-өнген.
85 жастағы Акихито жапон жұртының 125-ші императоры болатын. Оның орнына 59 жастағы үлкен ұлы Нарухито келеді. Ол таққа отырысымен елде "Рэйва" ("Тәртіп пен үйлесім") дәуірі басталмақ.
Жапония конституциясына сәйкес, император – ұлтқа ұйытқы тұлға. Ол саясатқа және күнделікті ел басқару ісіне араласпайды.
Тақтан түскен жапон императоры жайлы әлемдік БАҚ жарыса жазды. Ал біз Акихито жайлы қызықты ақпараттармен бөлісе кеткенді жөн санап отырмыз.
1.Мыңдаған жылдық тарихы бар әулеттің ұрпағы
Император Акихито 1933 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келген. Бұл әулет 2600 жылдан бері тарих сахнасында келеді.
Императорды 2 жасынан бастап ата-анасынан бөлек тәрбиелеген.
2. Ол қарадан қыз алған
1959 жылы мұрагер ханзада өзі сүйген ару Митико Седемен шаңырақ көтерді. Жұбайы елдегі ұн тартатын ең ірі компания басшысының үлкен қызы. Бірақ Акихито ғасырлар бойы жалғасып келген әулеттің дәстүрінен аттады. Император отбасының мыңдаған жылғы жоралғысы бойынша ақсүйектен шыққан қызға үйленуі тиіс еді.
Акихито болашақ жарымен теннис кортында танысқан. Қазіргі таңда олардың үш бала, төрт немересі бар.
3. Император Хризантема тағында отырады
Жапония императорының мөрі 1889 жылы ресми түрде мақұлданған. Онда 16 жапырақты сары хризантема бейнеленген.
1989 жылы әкесі дүниеден озғаннан кейін Акихито таққа отырды. Ресми таққа отыру салтанаты 2 жылдай уақытқа созылды.
4. Акихито - Құдай емес
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін император Хирохито жұрт алдында өз әулеті жайлы үндеу жасады. "Император әулеті - Құдай емес" деген ой салды.
Конституция бойынша, император - ұлттың бет-бейнесі. Алайда жапондықтардың көпшілігі император әулетін құдайдай көреді.
5. АҚШ президентін ұтқан
Император әлемнің көптеген елдеріне барған. Бұл статистика бойынша өзінен бұрынғы тақ иелерінен асып түседі.
Талай саяси көшбасшылармен кездескен. 1998 жылы Ұлыбритания ханшайымы Елизаветамен де жолыққан. Ал АҚШ президенті болған Джордж Бушпен (үлкені) екі рет үлкен теннис ойнаған. Екі ойында да ұтқан.
6. Императордың денсаулығы сыр берді
2003 жылы Акихито қатерлі простатит дертімен ауырды. 2012 жылы жүрегіне ота жасатты.
2016 жылы тақтан бас тартатыны жайлы ресми түрде мәлімдеді. Ол денсаулығына байланысты ұлттың ұйытқысы болу оңай емес екенін жеткізді.
7. Елбасы жапон императорымен кездескен
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2016 жылы Жапонияға барған ресми іссапары кезінде Акихитомен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы қазіргі қарым-қатынастың ахуалы және оны алдағы уақытта қарқынды дамыту перспективалары талқыланған болатын.
8. Бірде оқушы қыз оны суретке түсіріп алған
Акихито әлемді кезіп, халықтардың хал-жайын біліп жүрген. Қарапайым жапондықтармен де талай рет бетпе-бет кездесіп, әңгіме дүкен құрған.
Бірде оқушы қыз қаласына келіп халықпен жүздескен императорды суретке түсіріп, "twitter" желісіне жариялап жібереді. Бұл оқиға қоғамда айтарлықтай дау тудырған. Үлкен буын оқушы қыздың бұл әрекетін әдепсіздік деп бағаласа, жастар жағы қолдаған.
9. Акихито цунамиден зардап шеккендерге көп көмектесті
2011 жылғы жер сілкінісі және цунамиден кейін Акихито телеарналар арқылы бірінші болып тікелей эфирге шығып, халыққа үндеу жасады. Қиын кезеңде бір-бірін қолдап, барынша көмектесуге шақырды.
Фукусимадағы атом станциясы жарылысынан кейін халықты жақсылыққа үндеді. Бәрі де оңаларына сенім білдірді. Апаттан кейін бір ай өтісімен жұбайы екеуі арнайы барып, қоныс аударған халықтың хал-жайын сұрады.
10. Ол Жапонияны жаңа деңгейге көтерді
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілістен кейін Акихито бейбітшілік басты назарға алып, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолын таңдады. Өткен қанды соғыстың қайталанбауын жанымен қалады.
10. Император есімі берілген балық бар
Акихито жас кезінде теңіз биологиясы ісіне қызыққан. Ихтиологияға (балықтарды зерттейтін зоология бөлімі) көңіл бөлген. Бірнеше рет Жапониядағы ихтиология журналына мақала жариялаған. Шабақ балықтарды жетік меңгерген сарапшылар қатарында болған. Тіпті оның құрметіне есімі берілген Экзириас Акихито деген балық та бар.massaget.kz