Аралда ат жарысы өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шижаға елді мекенінде Ұлы Отан соғысы майданында қаза болған мұрқұм майдангер бабаларымызды еске алуға арналған ат жарыс (тай жарысы, құнан, топ және аламан бәйгелері) ұйымдастырылды.
Алдымен Тай бәйгесінде ауыздықтарымен алысқан 13 ат 2 айналым бойынша 6 шақырым қашықтыққа жүгірді. Сәйгүліктердің ішінен Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан келген Орынбасардың Өтешовтің торы «Алтын тайы» бірінші келді. Ал Шижаға ауылының азаматы Серік Амановтың қосқан Көктай «Көкжалы» мәре сызығын екінші болып кесті. Жүлделі үшінші орынды Қазалы ауданы Ақсуат ауылынан келген Тұрмағамбет Шайымовтың Қара көк «Талисманы» иеленді.
Құнан бәйгесінде 13 ат 4 айналым бойынша 12 шақырым қашықтықта жарыс жолына шықты. I орынды Аралқұм ауылынан Қосат Жұмамұратовтың қосқан Қаракер «Астра» атты тұлпары, II орынды Сазды ауылынан келген Аман Молдиевтің торы «Балақайы», ал III орынды Көктем елді мекенінен келген Нұржан Абылғайыптың аты «Чики торы» иеленді.
Топ бәйгесі бойынша 6 айналым 18 шақырым қашықтықта 10 тұлпар бақ сынады. Бұл жарыста Шөмішкөл елді мекенінен келген Бексұлтан Нұрғалиевтің «Крутой» атты тұлпары топ жарды. Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан келген Ғалым Уәлиевтің қосқан «Сыр сұлуы» күрең қасқасы екінші болып келсе, Шижаға ауылынан Нұрбол Жандәулетов қосқан «Ақбақай» күреңі жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Аламан бәйгесінде 8 айналым бойынша 7 тұлпар бақ сынады. I орынды Көктем елді мекенінен келген Байман Елмағанбетовтің «Ақбақай» торысы иеленді. Ал Шиелі ауданы Бала би ауданынан келген Жаппар Айдардың күрең «Нарқызыл» аты мәре сызығын екінші болып кесті. Жүлделі III орынды Шижаға елді мекенінен Балтабай Амановтың қосқан күрең қасқа «Ақ иек» аты иеленді.
Ат бәйгесінің барлық түрлерінде 5 жүлделі орын тағайындалды. Жеңімпаз және жүлдегер атанған шабандоздарға ауыл азаматтарының демеушілігімен тағайындалған жүлделер тапсырылды.