Сырдарияда көктемгі егіс қарқынды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы аумағындағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінше, ағымдағы жылы бекітілген сызбаға сәйкес 31526 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Оның ішінде, күріш 20300 гектар, жаздық бидай 500 гектар, мақсары 300 гектар, картоп, көкөніс, бақша 820 гектар, жаңа жоңышқа 2906 гектар және ескі жоңышқа 6700 гектарды құрайды. Ал жоғарыда айтқан Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты күріш егісін 200 гектарға, атап айтқанда, «Соркөл» каналының бойынан 132 гектар, «Елтай» каналының бойынан 68 гектар қысқартылған.
Қазіргі таңда дала қостарында жер өңдеу жұмыстары жүруде. Аудандағы шаруашылықтар көктем шығысымен-ақ техникаларын сайлап, тиісті шараларды жасаған. Соның арқасында бүгінгі күні шаруашылық құрылымдарда 3006 (103%) гектар жаңа жоңышқа, 1728 (345%) гектар жаздық бидай, 300 (100%) гектар мақсары, 58 гектар сұлы егіліп, 6700 гектар ескі жоңышқа тырмаланды. Ал әзірге күріш егу жұмыстары басталмаған. Десе де, биылғы көктемгі егіске аудан бойынша 5180 тонна күріш тұқымы құйылып, оны тазалау, себу кондициясына жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Күріш тұқымы себілген соң оның ауырмай, бітік шығуына тыңайтқыштар қажет-ақ. Бұл тұрғыда шаруашылықтар жыл сайын қажетті минералды тыңайтқыштарды ерте жеткізіп алады. Қазіргі күннің өзінде керекті тыңайтқыштың 10353 тоннасы (80,2%) алынған. Оның ішінде, сульфат амоний, карбамид, аммофос бар.
Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар толығымен дайындалып, жұмыс жүруде. Оған қажетті дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС бекітілген. Бұл мекеме әр айға керекті жанар-жағар майды жеткізіп беріп отыр. Сондай-ақ егістікке келетін су жүйелерін тазарту жұмыстары жүріп, ішкі су жолдарын тазалау, су құрылыстарын, су тартатын қондырғыларды жөндеу орындалған.