Қармақшыда көктемгі егіс науқаны басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы биыл ауылшаруашылығы саласы бойынша барлығы 22 мың жерге дән сеппек. Оның ішінде күріш – 14000 гектар, бидай – 380 гектар, мақсары – 302 гектар, соя – 40 гектар, жоңышқа – 6744 гектар, картоп –383, бақша өнімдері – 481 гектар жерге егіледі деп жоспарлануда. Қазір аудан диқандары алдағы науқанға қызу дайындық үстінде.
Күріш дақылынан басқа картоп, көкөніс, бақша дақылдары өндірістік негізде өсіру, сонымен қатар биыл 40 гектар жерге соя дақылын «Тұрмағамбет», ЖШС және «Жаңажол» ЖШС шаруашылықтарына өсіру қолға алынуда.
Иә, «Көктемнің әр күні жылға азық» екенін жақсы білетін аудан еңбеккерлері екі білегін сыбанып сақадай-сай отыр. Мәселен, Иіркөл ауылдық округіндегі «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығында қазір жер жырту жұмысы қарқын алған.
«Жалпы көлемі 7619 гектарды құрайтын шаруа қожылығын құрып, ауылда еңбек етудеміз. Ауыл тұрғындары тұтынатын дақылды егетін боламыз. Алыс-жақын қалаларға шығарып сату да ойымыз бар»,– дейді «Жаңатұрмыс» шаруақожалығының төрағасы Ардақ Мырзахметов.
Бүгінде аудан бойынша көктемгі дала жұмысы қатысатын 131 трактор, 86 соқа, 40 тұқым сепкіш, 66 автомашина, 98 трактор тіркемесі бар. Аудан шаруақожалықтары 2015-2018 жылдары 2229,9 млн. теңгеге ауыл шаруашылық техикасын сатып алды. Мұның ішінде өнімділігі жоғары 15 Магдон жаткасы, 22 Класс комбайндары, т.б техника бар. Техника паркінің 75 проценті жаңарды деп айтуға толық негіз бар.