Жаңақорған ауданында мал ұрлығы азаяр емес
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне мал ұрлығының 18 дерегі тіркеліп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 5,9 пайызға өсіп отыр.
«Ұрланған малдардың 15 дерегі өрісте жоғалса, қалғаны қорадан жоғалған. Соңғы кездері мал ұрлығы фактісінің өсуі малды күнделікті қарап қадағалап, түгендемеу салдарынан да болып отыр. Себебі, оның жазғы қысқы бағымы, азығы, суаруы, тұратын орнының жайлылығына мал иесі жауапкершілікпен қарауы керек. Осы тұста, жыл басында аудан әкімдігі мен барлық ауылдық округ әкімдеріне елді мекенде бақташы ұйымдастыру туралы аудандық полиция бөлімімен ұсыныстар жолданған болатын. Нәтижесінде қазіргі кезде 11 елді мекенде ірі қара малдарды падамен бағу жұмыстары жолға қойылды. Енді қалған ауылдар да осы бастаманы тиімді ұйымдастыра білуі керек», - дейді аудандық полиция бөлімінің орынбасары, полиция майоры Айбол Жолдасбаев.
ҚР Ішкі істер министрлігінің №854 бұйрығының талаптарын іске асыру бағытында «Бөтен мүлікті ұрлауға қарсы іс-қимыл» жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жүйелі жүзеге асуда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – мал ұрлығының алдын алу бағытындағы шараларды жүзеге асыру. Жоспарда мал ұрлығын ашу және тергеп-тексеру бойынша кент және ауыл әкімдіктерінің, ветеринариялық инспекциялардың және ІІО-ны қызметкерлерімен бірлесіп тиісті ілеспе құжаттарысыз мал тасымалдау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шараларды үнемі өткізу көзделген.
«Егер АПб-нің қызметкерлерімен сейсенбі, сенбі күндері мал базарларына сатылатын төрт-түліктің құжаттары тексеріліп, ветеринария саласындағы заң бұзушылықтар анықталған жағдайда иелеріне ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық Кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мал ұрлығын азайтуға байланысты жұмыстар қатаң жүргізілуде. Сондықтан, алдағы уақытта базар айналасындағы алып-сатарлар да бақылауда болады», дейді Айбол Жолдасбаев.