Аралда ауыз су мәселесі шешімін табуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал ауданында 50 елді мекен болса, оның 40-ы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған, қалғаны орталықтандырылмаған ауызсу көздеріне қосылды. Аудан көлемінде орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған елді мекендердің ішкі су жүйесінің ұзындығы 242,7 шақырымды құраса, бұл Арал қаласы бойынша 341,5 шақырым.
Аудан көлемінде 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыру мақсатында 7 нысанға жоба әзірленген еді. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Сексеуіл кентіне су желілерін жүргізу және қайта жаңғырту жұмыстарына 1 410 млн. теңге, 2017 жылға 1 680,6 млн теңге қаржы қаралып, Конту, Бөген, Шижаға, Аманөткел, Аралқұм, Қамыстыбас елді мекендеріне су желілерін жүргізу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал былтыр қаладағы №1 мөлтек ауданға 12,4 шақырым ауызсу желілері жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Президент партия съезінде еліміздің барлық тұрғынының таза ауызсуға қол жеткізуі, кең ауқымды газдандыру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осылайша сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұл аталған салада 2,2 млн-нан астам адамның проблемасын шешуге мүмкіндік бермек.
Енді алдағы уақытта ауызсу апару жоспарланып отырған ауылдарға тоқталсақ. 2018 жылдан 2019 жылға өтпелі жобалар қатарында Сексеуіл кентінде тұрғын үйлерді орталық су желісіне қосу жұмыстары бар. Бүгінде 731 тұрғын үйге ауызсу құбырлары жеткізіліп, техникалық шарт дайын болған 340 үйге су есептегіш құрылғысы мен су ішетін шүмек орнатылды. Қазіргі таңда құрылысмонтаж жұмыстары жалғасын табуда, биыл аяқталады деп күтілуде.
Алдағы уақытта ауызсу алдымен келетін елді мекендер қатарына Ақбасты да кіреді. Шалғайдағы ауылдың ауызсу жүйесі құрылысының жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Енді мұны республикалық бюджет есебінен қаржыландырып, жобаларды республикалық меншікке беру мақсатында облыс әкімдігімен жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге Тоқабай-Абай су желісін жүргізу үшін де дәл осындай шаралар жасалуда.
Ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, шағын және орта бизнесті дамыту бүгінгі мемлекет үшін маңызды. Себебі, ағайынды ауылда тұрақтандырудың бірден-бір жолы осы. Егер елді мекендердің ертеңі жарқын болсын десек, осындай әлеуметтік мәселелер шешімін таба беруі қажет.