Қорқыт мұралары насихатталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклорлары мен музыкасының мың жылы» атты жобасы аясында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің ұйымдастыруымен дәстүрді жаңғырту, жасөспірімдер арасында қыл-қобызды, Қорқыт мұрасын насихаттау мақсатында қаладағы №101 мектеп-лицейде «Қорқыт қобыздың көне әуендері» атты қыл-қобыз мамандарының облыстық лекция-концерті өтті.
Шараның мақсаты - үстіміздегі жылы Қорқыт мұралары Юнесконың материялдық емес мәдени мұралар қатарына енгізілуіне байланысты, Қорқыт бабамызды танып білу және музыкалық дәстүрді жаңғырту мақсатында жасөспірімдер арасында қыл-қобызды насихаттау.
Қорқыт бабамыз жайлы кеңінен айтар болсақ, ол-батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы. Сондай-ақ, Қорқыт атамыз оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші басты тұлға болған. Абызды ел ішіндегі жөн-жоралғыны, салт-дәстүрді реттеуші батагөй дана деп те танимыз. Оғыз дәуірінің ұлы тұлғасы болған жыраудың ерен есімі әлемге мәшһүр «Қорқыт ата кітабына» арқау болған.
Міне, осындай ұлықтауға әбден тұрарлық, 1300 жылдан астам тарихы бар, Қорқыт бабамыздың құнды туындыларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған лекция-концертке келушілер қатары көп болды.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында өткізіліп отырған бұл шараның жастарға берері мол. Өскелең ұрпақ өз туған жерінің тарихын біліп, туған жердің ұлы тұлғаларын мақтан тұтып, олар қалдырған мол мәдени мұраларды насихаттап өссе мәдениетімізбен әдебиетіміз мәңгі жасай бермек. Өткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды ете аламыз. Сондай Сыр өңірінде дүниеге келген, бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы есімдердің бірі-Қорқыт абыз. Мың жылдан астам тарихы бар нақтылы тұлғаның мол мұраларын насихаттау ұлт мәдениетін жаңғырту жолында жасалып жатырған игі бастамалардың бірі»,- дейді жиында сөз алған облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы, «Тәрбие және білім бөлімінің» басшысы Әлима Әбдіхалықова.
Осындай аңыз-әңгімемен шымылдығы түрілген лекция-концертте Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Тоқтар Ағыбаев, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің оқытушысы, Республикалық Құрманғазы, Тәттімбет байқауының жеңімпазы Айнуза Бегімсалова, Республикалық «Қорқыт-Қобыз» байқауының ІІ орын иегері Айдана Рүстембек сынды Қорқыт мұраларын шет елдерде насихаттап жүрген қылқобызшылар өнер көрсетті.
Тыңдаушысын әуендік әсемділігімен, шынайылығымен баурап алатын Қорқыт бабамыздың «Қоңыр», «Ұшардың ұлуы», «Башпай», «Әуппай» күйлері де сахна көркін қыздырды.